Батыс Қазақстанда жедел ішек инфекциясы 14 есе өсіп кеткен

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жедел ішек инфекциясы 14 есе өсіп кетіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлім еткендей, жыл басынан бері 140 адам жедел ішек жұқпасына (өткен жылы осы мерзімде – 10) шалдыққан.

Оның сөзіне қарағанда, ішек ауруларының көбеюі үйде дайындалған тағамдарды талапқа сай сақтамау, дұрыс термиялық өңдемеу және 14 жасқа дейінгі балалардың жеке гигиена ережелерін бұзуына байланысты.

Сондай-ақ биыл педикулез 7,3 есе (2022 жылы – 6, 2023 жылы – 44) артқан.

Педикулезбен 14 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады, бұл ата-аналардың оларды дұрыс бақыламауынан, гигиеналық талаптардың сақталмауынан туындайды.

Департамент басшысының айтуынша, созылмалы вирустық гепатит 3,1 есеге (16-дан 50-ге), описторхоз 3,6 есе (8-ден 29-ға), жіті респираторлық вирустық инфекциялар 2,9 есе (17324-тен 50753-ке), скарлатина 2,2 есе (73-тен 166-ға) көбейген.

Сонымен қатар 12 А вирусты гепатиті, 2 іріңді менингит тіркелген. А вирусты гепатитімен 4 студент, 3 оқушы мен жұмысшы ауырған.

Сол секілді 4 жасар баладан менингококк жұқпасы табылды. Ауру ошағында менингококк инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында эпидемиологиялық тексеру уақтылы жүргізіліп, қарым-қатынаста болған 30 адам зертханалық тексерілді, нәтижесі теріс.

«Жалпы, облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Оба, тырысқақ, құтыру, туляремия, түйнеме, бүйрек синдромды геморрагиялық қызба (БСГҚ), іш сүзегі, эпидемиялық паратит, паратиф, полиомиелит, дифтерия, қызамық, сіреспе және безгек дерті тіркелген жоқ», деді М.Арыспаев.

Биыл коронавирус 53,8 есе (9584-тен 178-ге), желшешек 1,3 есе (476-дан 357-ге) азайды.

Тағы бір жұқпалы ауру – туберкулезбен 53 адам сырқаттанған.

Бұл, әсіресе, Жәнібек, Теректі, Сырым аудандары мен Орал қаласында облыстық орта көрсеткіштен жоғары болып отыр.

Жаңа туған нәрестелердің 96,3 пайызы (1899) туберкулезге қарсы екпе алды.

М.Арыспаевтың мәлімдеуінше, әлемде және елімізде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты балаларды уақтылы егу жұмыстары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар