Батыс Қазақстанда жол апатынан 4 адам көз жұмды

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиеваның мәлім еткеніндей, оқиға 1 шілде күні сағат 21.00-де Жаңақала ауданы аумағында болды.
Чапаев-Жаңақала-Сайқын жолында Жолқұдық елді мекені тұсында 1987 жылғы жүргізуші «Лада Гранта» автокөлігімен қарсы бетке шығып кеткен. Соның салдарынан 1993 жылғы жүргізуші айдап келе жатқан «ВАЗ-2107» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Жол апатынан 4 адам қаза тапты, соның біреуі – 7 жасар бала.
Жаңақала аудандық орталық ауруханасына 8 адам жатқызылды, соның алтауы – кәмелетке толмағандар.
Қазіргі кезде осы оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда автокөлік аударылып, 31 жастағы жолаушының мерт болғанын, Оралда жүргізуші құқығынан айырылған адам тағы да мас күйінде жол апатын жасағанын жазған едік.