Батыс Қазақстанда «Жол картасына» сәйкес жоспарлы жұмыстар атқарылуда

ОРАЛ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында «Жол картасына» сәйкес жоспарлы жұмыстар атқарылуда,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жәнібек ауданында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға республикалық бюджеттен 14,4 млн. теңге бөлінді. Бөлім меңгерушісі Жанар Қошанованың сөзіне қарағанда, әлеуметтік жұмыс орындарына 120 адам тартылады. Оған қаржы сәуір айынан бастап бөлініп, алты айға жоспарланады. Елбасы Жолдауында 2020 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 8 пайыздан аспауы жөнінде міндет қойылды. Осыған орай әлеуметтік қызметтер тек мұқтаж адамдарға көрсетіліп, қазіргі заманғы стандарттар мен еліміздегі өмір деңгейіне сәйкес болуы керек. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек алушылар әлеуметтік жұмыс орындарына тартылады.

Әлеуметтік жұмыс орындарының тиімді жағы - жұмыс берушіні қолдап, қуаттауында. Олардың тарапынан жұмысқа алынушылардың еңбегіне ақы төлеу шығындары ішінара 20 мың теңге мөлшерінде бюджеттен өтеледі. Жұмыс істеушіге берілетін қосымша еңбекақы жұмыс берушінің мүмкіндігіне қарай төленеді. Мәселен, өткен жылы әлеуметтік жұмыс орнына бөлінген еңбекақы 30 мың теңге мөлшерінде белгіленсе, соның 15 мың теңгесі бюджеттен бөлініп, ал қалғанын жұмыс беруші төлейтін. Жасыратыны жоқ, мұның өзі жұмыс берушіге қиын соғып, еңбекақы төлеу кезінде іркіліс болғаны рас. Ал биыл жұмыс берушінің еңбекақыны мүмкіндігіне қарай төлеуі оларға қолайлы.

Биыл «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес инвестициялық жоба бойынша аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізуге 234,5 млн. теңге бөлінді. Бұл нысан бойынша ауданда 254 жаңа жұмыс орны ашылады. Аудан көлемінде жұмыссыздар қатарын азайтуға мұның да септігі бар. Жұмыссыз ретінде тіркелгендер қол күші қажет болса, осы нысанды жөндеуге жұмылдырылады.

Биыл сондай-ақ «Жол картасына» сай аудан бойынша жастар тәжірибесін ұйымдастыруға 5,4 млн. теңге қаралып отыр. Оған 54 адам тартылады деп жоспарлануда. Қазірдің өзінде жұмыс басталып та кетті. Жыл басынан бері оған 8 адам қатысуда. Барлығы да мекемелерге бекітіліп берілді. Көпшілігі - экономист, заңгер, ауыл шаруашылығының мамандары. Жастар тәжірибесінің қаржысын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі төлейді. Мұнда еңбекақы мөлшері өткен жылы 15 мың теңгені құраса, биыл - 20 мың теңге. Аталған іске тартылатындар тәлімгердің мамандығы бойынша жұмыс дағдысына үйренеді. Қабілеті болса, тұрақты жұмысқа орналасады. Мысалы, жастар тәжірибесін аяқтаған Жадыра Ибатова мен Айгүл Ғабдоллинаның мамандықтары - мал дәрігері. Осы күні жастар ауданда жаңадан ашылатын мал дәрігері қызметіне жарияланған бос орындар байқауына қатысып, ауылдық округтерде мамандықтарына сәйкес қызмет істемек.

Жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бір әдісі - кәсіби даярлау және қайта даярлау. Бұл тұрғыда № 9 кәсіптік лицейде «Жол картасы» бойынша 40 адам кәсіби дәріс алуда. Олардың 20-сы автокөлік жүргізушісі мамандығын игерсе, қалғаны дербес компьютер операторлары мамандығын алып шықпақ. Кәсіби білім алушылар лицейде үш ай оқығанда, оларға ай сайын 7,5 мың теңге төленеді.

Мұндай жұмыстар барлық аудандар мен Орал қаласында өріс алуда.

Соңғы жаңалықтар