Батыс Қазақстанда жол жөндеуге бөлінген қаржы толық игерілмей отыр

ОРАЛ. Ақпанның 14-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жол жөндеуге бөлінген қаржы толық игерілмей отыр,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің сөзіне қарағанда, автожолдарды салу, қайта жаңарту, күрделі және ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстау үшін автожол саласына өткен жылы 3,8 млрд. теңге қаражат бөлініп, оның 3,4 млрд.теңгесі игерілді. Аңқаты-Сарыөмір автожолының бір бөлігі, Тайпақ және Орда ауылына кірме жолдар, су өткізетін құбырлар жөнделді. Республикалық бюджет есебінен қарастырылған қаражатқа Ақсай-Шыңғырлау автожолының 4,6 шақырымы жасалынды. Өткен жылы облыс әкімінің шақыруымен ҚР Көлік және коммуникация министрі С.Ахметов өңірге жұмыс сапарымен келген кезде жол мәселесі жан-жақты талқыланып, облысқа 2 млрд.134 млн. теңге қаржы бөлуге келісілген еді. Оның 1 млрд. 602 млн. теңгесі 2008 жылы бөлінді. Бұл аз қаржы емес. Дегенмен, соншалықты қиындықпен республикалық немесе облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар толық игерілмеді. Мұндағы басты себеп - тендерлерді өткізуде кемшіліктерге жол беріледі. Мысалы, Чапаев-Жаңақала автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жөніндегі тендердің жеңімпазы болған мердігердің (ақтөбелік «Бамус сервис» компаниясы) әлеуеті төмен болғандықтан, бұл жұмыс екі жылдан бері сағызша созылып келеді. Ұйымдастыру, бақылау, басшылық ету жұмыстарында да олқылықтар аз емес. Жол қатынасының нашарлығы өңірде ең ауыр, ең күрделі күйінде қалып отыр. Бүгінгі таңда облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6504 шақырымды құраса, соның 5217 шақырымы - облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Осы жергілікті маңызы бар жолдардың бар болғаны 966 шақырымы ғана қатқыл табанды. Қалған бөлігіне қиыршықтас төселген немесе жай топырақ жолдар.
Соңғы жаңалықтар