Батыс Қазақстанда «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында 5620,4 млн. теңге бөлінді

ОРАЛ. 11 қазан. ҚазАқпарат -  Батыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының жүзеге асырыла бастағанына биыл екінші жыл.
None
None

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Самат Хангереевтің айтуынша, бағдарламаның үйлестірушісі аталмыш басқарма болып табылады. Соған орай барлық аудан орталықтарында және Орал қаласында жұмыспен қамту орталықтары құрылып, осы бағдарламаны іске асыруға жұмылды. 2011 жылы бағдарламаның қанатқақты жылы болып, оған ауылдағы бизнесті дамытуды қолдау бағыты бойынша Зеленов, Қазталов аудандары қатысты. Биылдан бастап бағдарламаға облыстың барлық аудандары мен Орал қаласы қосылды. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға облысқа 5620,4 млн. теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде екінші бағыт бойынша бағдарламаға қатысушыларға шағын несие беру үшін 3 млрд. 172 млн. теңге бөлінді. Несие алатын азаматтар оқу курстарынан өтті. Бүгінде сол несиеге бөлінген қаражаттың 2 млрд. 885 млн. теңгесі игерілді (91 пайыз). Несие алушылардың 515-і - әйелдер. Жалпы несие алушылардың ішінен 1556-сы өз ісін ашса, 103-і бизнесін кеңейтуге жұмсады. Олар 1299 жұмыс орнын ашып, 360 адам жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа қабылданды. Облыста 1674 адам аталмыш бағдарлама бойынша несие алды. Олардың басым көпшілігі өзін-өзі қамтушылар болып отыр.

Өңір тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен шұғылданатын болғандықтан, осы саладағы жобалар басым болды. Бағдарламаға қатысушы ауыл тұрғындары мал өсіруге несие алып, 3360 ірі қара, 366 жылқы, 5841 қой, 1 түйе, 9 шошқа, көптеген құс, бөдене сатып алды. 90-нан астам халыққа қызмет көрсету нысаны ашылды. Оның ішінде 15 кафе, 6 тігін, 3 мал сою және бордақылау цехы, 2 аяқ киім жөндеу, 2 телеаппаратура және ұйымдастыру техникасы шеберханасы, 9 шаштараз, 9 фотосалон, 6 монша бар. Сонымен қатар құрылыс саласында түрлі жобалар іске асырылды. Пластикалық терезе, құрылыс материалдарын өндіретін орындар ашылды. Несие ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының дамуына оң ықпал етті. Таратып айтқанда, 3 көкөніс және ет қалбырлау, 5 ағаш өңдеу, 1 жүн түту, 2 жиһаз жасау цехы ашылды. Аудандарда 5 жылыжай іске қосылды. 12 ауданда қоғамдық тамақтандыру орындары іске қосыла бастады. Бүгінде 8 асхана, 11 наубайхана, 7 кондитерлік, бір тұшпара және макарон цехтары ашылуда. Мұның барлығы - осы бағдарламаның көмегімен іске қосылып жатқан шағын өндіріс орындары.

Айта кететін жайт, несие берерде, алдын ала аудандар әкімдіктерімен бірге сұраныс зерттеледі. Аудандағылардың сұранысы бойынша министрлікке тапсырыс беріледі. Сонда оның шамасы 3 млрд. 172 млн. теңгеге жетті. Министрліктегілер облысқа қолдау көрсетіп, осы көлемдегі қаржыны бөлді. Аймақтық комиссия отырысында қаржы аудандарға бөлінді. Қаржыны аудандарға бөлуде жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жұмыссыздардың, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың, кірісі аз отбасылардың, оралмандардың саны ескерілді. Сонда қомақтысы 500 млн. теңге Зеленовқа, 480 млн. теңге Ақжайық, 382,5 млн. теңге Жаңақала аудандарына бөлінді. Кейбір аудандар бөлінген несие қаржысының бір бөлігінен бас тартқан жағдайлар кездесті. Мысалы, Тасқала ауданы 180 млн. теңгені түгел алмай, 150 млн. теңге алды. Аудандарда несиенің өз мақсатына жұмсалуын бақылайтын жұмыс топтары құрылып, жұмыс істеуде.

«Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы несие қаржысының жұмсалуын бақылауға құзырлы емес. Тек насихат жұмысын жүргізіп, жалпы бақылау жасаймыз. Ауылдықтарға бөлінген несие қаржысының 60 пайызы мал өсіруге берілді. Несиенің қомақты бөлігі ауылдық жерлерде халыққа қызмет көрсету саласын дамытуға жұмсалуда. Қызықты жобаларға келсек, Ақжайық ауданында балалар паркі ашылды. Онда балалардың демалыс, ойын алаңы жабдықталған. Ең бастысы, қаржы бағдарламада көзделгендей өз мақсатына жұмсалуы керек»,- деді С.Хангереев.

Соңғы жаңалықтар