Батыс Қазақстанда жыл басынан бері 13,5 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 13 523 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстанда жыл басынан бері 13,5 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соның 8 848-інде ауру белгілері болса, 4 675-і – симптомы жоқтар.

Ауырғандардың басым көпшілігі, яғни 56 пайызы (7 579) Орал қаласы, 13,8 пайызы (1 878) Бәйтерек, 11,3 пайызы (1 530) Бөрлі ауданының үлесіне тиеді.

Қазіргі кезде облыста 1 123 төсектік 18 инфекциялық стационарда 388 науқас ем қабылдап жатыр.

«Індет басталғаннан бері өңірде 22 744 адам тіркелсе, соның 13 513-інде ауру белгілері бар, 9 231-і – симптомы жоқтар. 17 831 адам сауығып шықса, 340 науқас көз жұмды. Соңғы тәулікте 95 адамнан (64-інің ауру белгілері бар) коронавирус табылса, 32-сі жазылып шықты. Соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, ауру жұқтыру көрсеткіші 6 пайызға (39 адамға) төмендеді», деп хабарлады ведомстводан.

Өңірде осы кезге дейін 69 383 тұрғын вакцинаның бірінші, 32 851-і екінші компонентін қабылдады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 8 700-ден астам медицина қызметкеріне 2,5 млрд теңге үстемеақы төленгенін жазған болатынбыз.