Батыс Қазақстанда жылқы түлігін өсіруге ерекше мән берілуде

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Шағуан Ибрагимовтің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде ет өндіру, әсіресе, жылқы етін өндіру - экономикалық жағынан тиімді де арзан әдіс. Көшім, мұғаджар тұқымдары бізде аудандастырылған тұқымдар болып саналады. Облыста өнімділігі жоғары жылқыларды өсіруге үлкен мән берілуде.
Биылғы жыл басында өңірде 89,8 мың жылқы тіркеліп отыр, ол өткен жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 11,8 пайызға артық. Соған орай құлын алу 17,9 пайызға көбейді. Облыс бойынша 8 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді, соның үшеуі зауыт мәртебесіне ие. Асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алу үшін көптеген шаруашылық жылқы малын асылдандыру жұмыстарын жүргізуде.
Мал шаруашылығында ірі қара малын дамытуға мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінуде. Осындай қолдау жылқы және қой шаруашылықтарына қажет.
Отарлы мал шаруашылығын қалпына келтіру, соның ішінде жайылымдық жерлерді қолдануды кеңейте отырып, қой шаруашылығын дамыту бағыты бойынша облыстағы оңтүстік аудандардың мүмкіншіліктері зор. Сондықтан қой шаруашылығын дамыту мақсатында 2012-2022 жылдарға арналған тұжырымдама жасақталды. Аталған тұжырымдама бойынша 2022 жылға дейін қой санын 936,0 мың басқа, соның ішінде саулықты 599,1 мың басқа жеткізу көзделуде. Жемшөп өндіру саласын дамыту, шалғайдағы жайылымдарды қалпына келтіру, суландыру, құдықтарды, ұңғымаларды іске қосу жұмыстарын үйлестіру және кешенді түрде жүргізумен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Облыс бойынша 3154 түрлі құдық болса, соның ішінде 1401-іне және 490 тоғанның 119-на жөндеу қажет екені анықталды. Шалғайдағы жайылымға 349 үй, 502 дана күн батареялары керек. Облыс көлемінде 4 млн. гектардан астам суландырылатын жайылым жері анықталды, соның 316 мың гектары суландыруды қажет етеді. Соған орай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитетіне қажетті құжаттар ұсынылды.