Батыс Қазақстанның бағбандары соңғы бес жылда 700 млн. теңгеге қаржыландырылды

ОРАЛ. 4 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көкөніс, бақша дақылдарын егу ісіне үлкен мән беріліп келеді.
None
None

Мәселен, биылғы көктемде батысқазақстандық бағбандар 4054 гектар жерге картоп, 3853 гектарға көкөніс, 1629 гектарға бақша дақылдарының тұқымдарын сепкен. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан әлдеқайда жоғары. Әсіресе, картопқа баса мән берілуде. Облыстық бюджеттен соңғы бес жыл ішінде 700 млн. теңге бөлінуі осыған дәлел. Қомақты қаржының арқасында батысқазақстандық шаруалар бүгінгі заман талабына сай техника, құрал-жабдық алып, жаңа сұрыптар шығарып, өз әлеуетін арттыруда. Мем­лекеттің қолдауының нәтижесінде былтыр облыс қажеттілігін толығымен өтейтін 55,1 мың тонна картоп жиналды.

Қарқын биыл да жаман емес. Мәселен, бір ғана Зеленов ауданының өзінде 1635 гектар жерге картоп егілген. Соған орай зеленовтық шаруашылықтар мемлекеттен 8 млн. теңгеден астам демеуқаржы алған. Бағ­бандардың біразы «ҚазАгроҚар­жы» АҚ арқылы несие мөлшерлемесі 6,5 пайыз деңгейінде су жаңа техникаларға қол жеткізген (ал Ресейдегі жеңілдетіл­ген несие мөлшерлемесі 18 пайызды құрайды).

Өңірде картоп алқабының кө­бі осы Зеленовта болса, оның басым бөлігі аудандағы «Дусупов» шаруа қо­жалығының еншісінде. 2007 жылдан бе­рі осы бағытта тер төгіп келе жатқан бұл шаруашылықта үш жүз гектарға жуық жерге картоп егіліпті. Аталмыш шаруашылық биыл жаңа жобаны қолға алды. Нақтылап айтсақ, самаралық селекционерлермен бірлесіп, 140 гектар жерге картоптың жаңа түрін өсіруде. «Ағымдағы жылы «Леони» және «Спринт» деп аталатын тұқымдарды ектік. Олар биылғы ыстыққа қарамай, жақсы өнім беруде, - дейді қожалық жетекшісі Тимур Дусупов. - Жиын-терімді аяқтауға жақынбыз. Гектарынан 250 центнер ша­масында өнім алудамыз. Көктем-жаз бойы көрген бейнетіміз толығымен ақталуда».

Зеленовтықтар көкөніс пен бақша дақылдарын егуде де алда. Екі мың гектардай жерден жиналған 30 тоннадай өнім аудан тұрғындарының қажеттілігін толықтай өтеп тұр. Ал артылғаны облыс орталығының сауда орындарында сатылуда.

Көкөніс, картоп, бақша дақылдарын егу және олардан өнім алу ісінде Теректі ауданы облыс бойынша үздік үштіктің құрамында. Жергілікті бюджеттен бағ­бандарға көмек ретінде бөлінген 406,6 млн. теңге демеуқаржының төрттен бірін осы ауданның тұрғындары алып отыр. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының алға басуына үлес қосып жүрген жандардың бірі - Николай Миронов. Ол Шаған ауылдық округіндегі «Миронов» шаруа қожалығына жетекшілік жасайды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бері бағбандықпен жүйелі түрде айналысып келеді.

-Биыл 12 гектар жерге көкөніс, бақ­ша дақылдарын ектік. Шығымы жаман емес. Мәселен, әр гектарынан сәбізді  40, қарбыз бен қауынды  20, қызанақты 30 тоннадан жинаудамыз. Кеткен шы­ғындарымыз қазірдің өзінде артығымен өтелді. Кедергі болып тұрған жайттар жоқ. Қайта мемлекет тарапынан кедергілер жойылып, демеуқаржы және басқа да көмектер берілуде. Сол үшін де ел ағаларына айтар алғысымыз шексіз. Жалпы, бізде еңбек етемін деген адамға барлық жағдай жасалған. Өзен-көлдің жағасынан тегін жер бөліп, оны өңдеп береді, су ащылау болса, сүзгі орнатады. Өніміңді жинаған соң, оны сатуға мүмкіндік туғызады. Егер жеріңнің актісі болып, өз шаруашылығыңды құрсаң, демеуқаржы аласың. Ал тамшылатып суару жүйесін енгізсең, ол қаржы екі еселенеді. Жалпы алғанда, біз, бағбандар, мемлекеттің қолдауын айқын сезініп отырмыз, - дейді Николай Миронов.

Соңғы жаңалықтар