10:43, 04 Маусым 2014 | GMT +5
Батыс өңірде орманды өрт шалу қаупі күшейіп отыр
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ыстық ауа райына байланысты 5 дәрежелі өрт қаупі жарияланды.
Осыған байланысты БҚО төтенше жағдайлар департаменті жалынның сәл-пәл ұшқынның өзінен шығуы мүмкін екенін және оның тез тарайтынын ескертті. Сондықтан аса сақтық қажет. Әсіресе, қазіргі кезде облыстың орманды және далалық жерлерінде өрт қаупі өткір тұр.
Айта кетейік, биыл облыс аумағында 24727,7 гектарды қамтыған 40 далалық жердің жануы тіркелді. Соның ішінде Бөрлі ауданында - 12, Бөкей ордасында - 9, Ақжайық пен Теректінің әрқайсысында 5 оқиғадан орын алды. Тек жедел әрекеттердің арқасында олардың алапат өртке ұласуына жол берілмеді.