Батыс пен Шығыс арасындағы көпір ретінде Қазақстанның әлеуеті зор - АҚШ Президентінің ИКҰ жанындағы Арнайы уәкілі Р. Хуссейн
Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың қабылдауында болғаннан кейінгі брифингте Қазақстанға жұмыс сапарымен келген АҚШ Президенті Б. Обаманың Ислам конференциясы ұйымы жанындағы Арнайы уәкілі Рашад Хуссейн мәлім етті.
«Қазақстанның Батыс пен Шығыстың арасында жақсы көпір болуы мүмкіндігі зор. Атап айтқанда, Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде атқарған жұмыстарында жинақтаған тәжірибесі мол»,-деді Арнайы уәкіл.
Осы орайда ол енді еліміздің негізінен ислам мемлекеттерінен құралған Ислам конференциясы ұйымына төрағасы ретінде Батыс пен Шығыс арасындағы байланыстарды дамытудағы әлеуеті өте маңызды екенін атап өтті. «Кездесу барысында біз барша әлемдегі діндарлардың құқын қорғау, оның ішінде Батыс елдердегі мұсылмандардың құқы мәселесін талқыладық. Сонымен қатар біз Ауғанстан мәселесі бойынша ынтымақтастық шараларын қарастырдық»,-деді Р. Хуссейн.
Келіссөздер барысында Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалық кезіндегі негізгі басымдықтары сөз болғанына тоқталған ол, «діни бостандық тұрғысында Қазақстан көшбасшылық рөлді атқарып келеді»,-деді.