Батысқазақстандық ассамблея жылды қорытындылап, жаңа міндеттер белгіледі (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Салтанат сарайында Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етуімен ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
None
None

Онда ҚХА жылы қорытындыланып, өңір басшысы жыл ішінде көптеген жұмыстардың атқарылғанын атап өтті.

Баяндама жасаған батысқазақстандық ассамблея төрағасының орынбасары Ғайса Қапақовтың айтуынша, Елбасы құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің өміршеңдігін жыл санап әлемге танытып келеді. Ел тағдырына немқұрайлы қарамайтын батысқазақстандықтар саны биыл 13,5 пайызға өсіп, 90,7 пайызға жетті. Бұл отаншылдық рухтың жылма-жыл өсіп келе жатқандығын көрсетеді. Сондай-ақ ҚХА мен этномәдени бірлестіктер қызметін қолдайтындар да жыл басынан бері 3,4 пайызға артты. ҚХА жылы аясында облыстың іс-шаралар жоспарына 94 шара енгізілсе, олардың бәрі де орындалды. Елбасы төңірегіне топтаса түсіп, ел бірлігін нығайтуға бағытталған шаралар алдағы жылы да жалғасын таппақ.

БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басшысының орынбасары Вячеслав Иночкин өңірдегі мәдени шаралардың жоғары деңгейде өткендігіне тоқталса, Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев 20 ұлттың өкілдері тұрып жатқан аталмыш аумақтағы атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.

Жиында Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы құрылымдық бөлімшелерінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, алдағы жылдың іс-шаралар жоспары бекітілді.

Сонымен қатар кеше облыстық қазақ драма театрында қоғамдық келісім кеңестерінің ІІІ облыстық форумы да мәреге жетті.

Жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында берген тапсырмасына сәйкес өңірде 229 қоғамдық келісім кеңесінің құрылып, жұмыс жасап жатқандығын жеткізді. Ең бастысы, олар билік пен қалың бұқараны жалғастыратын көпірге айналып келеді. Қоғамдық келісім кеңестері халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл-аймақты абаттандыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру істеріне атсалысуда.

Форумда қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары іс-тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Олардың бірқатары белсенді қызметі үшін облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар