Батысқазақстандық әйел 61 жыл бойы құжатсыз өмір сүрген

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақжайық ауданында тұратын 61 жастағы Қайырлы Ізбасарова жеке басын куәландыратын құжатсыз ғұмыр кешкен.
None
None

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол бұған дейін облыс пен аудан әкімдіктеріне, әділет басқармасына жүгінгенмен, қолдау таппаған. Содан кейін қызы Талжібек Жұмашева Ақжайық ауданының прокуратурасынан анасының жеке басын анықтайтын құжат алып, зейнетақысын рәсімдеуіне көмек көрсетуін өтінген. Прокуратура қызметкерлері нақты жұмыстар жүргізіп, 1955 жылдан бастап мұрағаттық құжаттар қаралды.

Қ.Ізбасарованың болжамды жасын анықтау үшін медициналық-клиникалық тексеру жүргізілді. Сондай-ақ Алғабас ауылдық округі ақсақалдарының қатысуымен жиын өткізіліп, куәлардан жауап алынды. Соның нәтижесінде жеткілікті негіздермен және жиналған құжаттармен аудандық сотқа талап-арыз берілді. Аудандық сот прокурордың талабын қанағаттандырып, Қайырлы Ізбасарованың 1955 жылы 12 мамырда дүниеге келгендігі анықталды. Енді ол туу туралы куәлігін, жеке куәлігін алуға құқылы және жасына байланысты зейнетақы рәсімдей алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын дәл осы Ақжайық ауданында тұратын, сексен жыл бойы құжатсыз өмір сүрген Мәдина Сансызбаеваның да прокуратураның араласуымен 1936 жылы 16 наурызда дүниеге келгені туралы заңдық дерегі белгілі болған еді.

Соңғы жаңалықтар