Батысқазақстандық белгілі мектепте дәстүрлі «Жұлдыздар шеруі» өткізілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осымен жетінші рет ұйымдастырылып отырған шара 85 жылдан астам тарихы бар мектептің 2009-2010 оқу жылының қорытындыларына арналды. Мемлекет қайраткерлері, атақты өнер жұлдыздары мен ақын-жазушылар тәрбиеленген №11 облыстық мектеп республикадағы таңдаулы білім ордаларының қатарында. Жыл сайын ҰБТ қорытындысы бойынша алдыңғы орындардың бірін иеленетін мектеп түлектері биыл да бақ сынамақ. Олардың арасында «Алтын белгі» мен ерекше аттестаттан үміткерлер бар.
Шара барысында үздік оқып, үлгілі тәртібімен көзге түскен, сондай-ақ республикалық байқаулардан жүлдемен оралған шәкірттер әр пән бойынша «Жыл таңдауы» атағына ие болып, марапатталды. Мәселен, биыл 10-сынып шәкірттері Оралбек Ысқақ республикалық Мұқағали оқуларынан бас жүлдемен оралса, Ержан Өмірбаев информатикадан республикалық ғылыми жобалар сайысынан үшінші орынды еншіледі. Өнер байқауларында озып шыққандар да аз емес. Мектепте 791 оқушы болса, соның 300-дейі үздік оқиды.