Батысқазақстандық бес бірдей ғалым «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атанды
Атап айтқанда, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің үш бірдей оқытушысы грантты жеңіп алды. Олар: Ұлжан Ахметова - тарих ғылымдарының докторы, профессор, Рита Сұлтанғалиева - филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Татьяна Терещенко - география ғылымдарының кандидаты, доцент.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаев пен география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қажымұрат Ахмеденов озық шықты.
Айта кетейік, аталмыш байқауға еліміздегі 90 ЖОО-дан 545 үміткер қатысып, соның 200-і үздік атанды. Грант байқау жеңімпаздарына әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге, өздерінің ғылыми жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.