Батысқазақстандық дзюдошы ел чемпионатында күміс жүлдегер атанды

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлім еткендей, жарыстың екінші күні 73 кг салмақта күрескен Аңсарбек финалда Рио олимпиадасына бақ сынаған Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2018 жылы Тунисте әлемдік Гран-при жарысының чемпионы атанған қарағандылық Жансай Смағұловпен татамиге шықты.
Талғат Балмағамбетов баптайтын Аңсарбек бұдан екі жыл бұрын елордада өткен ҚР чемпионатында Жансайды ұтқан болатын. Бұл жолы оған қосымша уақытта ғана есе жіберді.
А.Ғайнуллин жартылай финалда тағы бір белгілі спортшы, биыл Тель-Авивте Гран-при жарысының күміс жүлдегері атанған шығысқазақстандық Ержан Серікжановты жеңді. Тағы бір қола жүлдеге алматылық Асқар Нарқұлов ие болды.
БҚО дзюдо федерациясының вице-президенті Ғайса Жұмалиев айтулы додаға арнайы барып, батысқазақстандық спортшыларға қолдау көрсетіп жүр.
Жамбыл облысының өкілі, жас спортшы Данияр Шамшаев 66 кг салмақта топ жарды. Ол финалда алматылық Ғұсман Қырғызбаевты вазари ұпайымен сүріндірді. Бұдан бұрын 60 келіде ел намысын қорғап жүрген Ғұсман алғаш рет жаңа салмақта бақ сынады. Қола медальді алматылық, Ғұсманның бауыры Ғұмар Қырғызбаев пен атыраулық Айболат Ыстыбаев еншіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық қос дзюдошының ел чемпионатында жүлдегер атанғанын, Севара Нишанбаеваның үш дүркін Қазақстан чемпионы болғанын жазған едік.
Ақтаудағы ел біріншілігі 21 желтоқсанда мәреге жетеді.