15:48, 16 Қыркүйек 2011 | GMT +5
Батысқазақстандық ескекшілер Азия чемпионатына дайындалуда
ОРАЛ. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батысқазақстандық ескекшілер Алматы қаласында ҚР үшінші жазғы спартакиадасы аясында өткен республикалық жарыстан табыспен оралды.

Республика облыстары мен Астана, Алматы қалаларынан 95 спортшы қатысқан сында батысқазақстандықтар да жүлдегер атанды. Айталық, көптен бері ел намысын қорғап жүрген Орал қаласындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Алексей Дергунов 500 метр қашықтықта байдаркамен жалғыз ескек есуден жеңімпаз атанса, Азамат Рабаев осындай қашықтықта байдаркада екеулеп ескек есуден екінші жүлдені еншіледі.
Мың метрден байдаркада екеулеп ескек есуден Кирилл Бахирев пен Алексей Овчинников озық шығып, ел құрамасына енгізілді. Енді олар Тегеран қаласында 12 қазанда өтетін Азия біріншілігіне дайындалуда. Мұнда Лондон олимпиадасына жолдамалар сарапқа салынатын болады.