Батысқазақстандық ғалымдар инженерлік ғылымды дамыту мәселесін ресейліктермен бірге талқылады

Мәжіліске көршілес Самара және Астрахан және Орал қаласындағы жоғарғы оқу орындарының ғалымдары, инженерлік бағыттағы ірі өндіріс мекемелерінің басшылары, «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Басқосуға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев облыста инновациялық-индустриялық жобаларды жүзеге асыруда ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Батыс Қазақстан филиалы инженер-ғалымдары ғылыми орталықтармен тығыз байланыста болып, өндіріске ғылым жаңалықтарын енгізуде белсенділік танытып келе жатқанына тоқталды.
Бұдан соң Алмаз Бадашев аймақта инженерлік ғылымды дамытуға сіңірген еңбектері үшін А.Әйтімовке ҚР ҰИА академигі, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ-ның президенті Я.Чудровқа ҚР ҰИА-ның корреспондент-мүшесі дипломдарын табыс етті.
Мәжілістің пленарлық отырысында «ҚР ҰИА облыстық бөлімшесінің 2012 жылы атқарған қызметі және «Қазақстан - 2050» стратегиясы мен «ЭКСПО-2017» ұлттық бағдарламалары аясындағы жаңа міндеттер» туралы ҚР ҰИА бөлімше төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің президенті, ҚР ҰИА академигі Ақсерік Әйтімовтің баяндамасы тыңдалды. Бұдан соң Самара қаласындағы Поволжье мемлекеттік телекоммуникация және информатика университетінің бірінші проректоры, академик Алексей Юрасов, Ресейдің халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы Астрахан филиалы директорының орынбасары Эльдар Ыдырысов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, доцент Нұрлан Серғалиев, «Зенит» зауыты» АҚ-ның бас конструкторы Анатолий Потапов және тағы басқалары қосымша баяндама жасады.
13 ақпанда ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Батыс Қазақстан филиалы ғылыми-техникалық кеңесінің кеңейтілген мәжілісіне қатысушы бір топ ғалымдар Самара қаласындағы «Экспо-Волга» компаниясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Энергетика» халықаралық көрме-форумына қатысты.