Батысқазақстандық қазақ театрында «Келісімшарт бойынша қалыңдық» қойылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ресейлік драматург, Аланияның еңбек сіңірген өнер қайраткері Асахмат Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық» атты шығармасы бойынша комедия қойылды.
None
None

Туындыны театрдың белді әртістерінің бірі Самал Әбуов сахналаса, аударған зайыбы, комедиялық рольдерді жандырып жіберетін актриса Эльмира Мақашева. Суретшісі - Мұрат Мәмбетов.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов, сондай-ақ Ринат Сабырғалиев, Эльмира Мақашева, Манас Кенжетаев, Жұлдыз Мамедова ойнайтын қойылым оқиғасы былайша өрбиді. Үнемі құлпытасқа сурет салумен айналысып, арақ ішуді жек көрмейтін салт басты Темикко (әртіс Е.Есендосов) көршісі Сикомен (Р.Сабырғалиев) бір қойға бәстесіп, мас күйінде Ресей президентін қонаққа шақырады. Оны өзі білмейді де. Күтпеген жерден президент аппаратынан хабарласып, мұның шақыртуы қабыл алғанын естігеннен кейін абыр-сабыр басталады. Президент келіп-кеткенше келісімшарт бойынша қалыңдық алу керек болады. Жергілікті билік өкілі Арсамаг (М.Кенжетаев) арқылы Дзерассамен (Э.Мақашева) келісімшарт жасалып, мұның соңы күлкілі жағдайлармен жақсы көруге ұласады. Әйелі Хамиционнан (Ж.Мамедова) өнебойы таяқ жеп, қашып жүретін Сико соның бәрінің куәгері болады. Қойылым қоғамдағы маскүнемдік, жағымпаздық, көзбояушылық, өз пайдасын ойлаушылық сынды келеңсіз жайттарды сынаумен бірге қандай адамның да алға ұмтылып, мақсаткерлік танытса, өз бақытына қол жеткізе алатынын аңғартады.

Бұл - осыған дейін кішкентай бүлдіршіндер үшін төрт бірдей ертегіні сахналаған Самал Әбуовтің режиссер ретіндегі тұңғыш туындысы. Жуырда ғана Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, драматург Нурбубу Мусаеваның «Сенімді дос» ертегісін (оны да тәржімалаған Эльмира Мақашева) қойған С.Әбуов режиссерлік қырын алдағы уақытта да дамытпақшы. Кезінде өзі де спектакльдер қойған театр тарландарының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лаураты Сердеш Қажымұратовтың пайымдауынша, әр режиссердің өзіндік жаңалығы болады. Самал бұл жолы Ринат Сабырғалиевтің актерлік дарынын жарқырата көрсете білді.

Айта кетейік, бұл - батысқазақстандық театрдың соңғы екі маусымдағы он алтыншы премьерасы.

Соңғы жаңалықтар