Батысқазақстандық коммуналдық кәсіпорындар өз жүйесін жаңғыртуды көздеп отыр
Осыған орай батысқазақстандық коммуналдық кәсіпорындар өз жүйесін жаңғыртуды көздеп отыр. Бұл туралы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі БҚО департаментінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.
Департамент директоры Қуаныш Кенжеғалиевтың айтуынша, жыл ішінде түрлі заң бұзушылыққа қатысты 36 ұйғарым мен 49 қаулы қабылдаудың нәтижесінде республикалық бюджетке 3,3 млн теңге өндірілген.
Тарифтік реттеу бағытында табиғи монополиялар субъектілерінің ұсыныстарын қарау бойынша шығындарды азайту есебінен 549,1 млн. теңге үнемделген, 43,3 млн. теңге тұтынушыларға кері қайтарылған. Электр қуаты үшін аймақтар бойынша есептеу тәсіліне көшуге байланысты жеке тұлғалар 60,8 млн. теңгені үнемдеген.
Алқа мәжілісінде «Жайықжылуқуат» АҚ, «Ақжайықэнергосауда» ЖШС, «Орал су арнасы» МКК өкілдерінің атап өткеніндей, аталмыш кәсіпорындар жылды үлкен шығынмен аяқтаған. Егер газ, электр қуаты, жанар-жағар май бағасы әлденеше рет көтерілсе, жылу мен су бағасы біраздан бері өспеген. Тұрғындардан түскен қаражат барлық шығынды жабуға жетпейді. Негізгі желілердің тозығы жеткені де айтылмай қалған жоқ. Бұл ретте кәсіпорын басшылары Елбасы Жолдауына үміт артып отыр. Республикалық жаңғырту бағдарламасына Батыс Қазақстан облысы да енгізілген. 20 ақпанға дейін ұсыныстар Астанаға берілуі тиіс. Кәсіпорындар өз желі-жүйелерін қаншалықты ретке келтіру, жаңа стансалар салу, жекелеген нысандарды қайта жабдықтау қажеттігін есептеп бола келді. Бұл жөнінде нақты шешімдер қабылданатын болады.