Батысқазақстандық магистранттар Мәскеуде болып қайтты

None
None
ОРАЛ. Қарашаның 20-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 26 магистранты филология ғылымдарының докторы, профессор Ұлданай Бақтыгерееваның жетекшілігімен Мәскеу қаласындағы Ресей халықтар достығы университетінде болып, «Қазіргі заманғы ғылымдағы инновациялар» бағдарламасы бойынша білімдерін жетілдіріп қайтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен шетел тілдері институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Наталья Соколованың басшылығымен таныстыру кеші болды. Магистранттар Бақтыгүл Ерғалиева мен Нұршат Майманованың сөзіне қарағанда, тартымды өткізілген дәрістер барысында көптеген мағлұматтар алған. Сондай-ақ Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасына барып, тақырыптары бойынша барынша мол материал жинақтаған. Семинарларға қатысып, «Қазақстан-Ресей: ынтымақтастық жолдары» атты дөңгелек үстел отырысында пікір алмасқан батысқазақстандық жастар үшін ҚР Елшілігінің бірінші хатшысы, филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменшемен өткен кездесу, Мәскеудегі Абай ескерткіші, басқа да көрнекті орындар ерекше әсер қалдырды.

М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-да ізденушілер үшін осындай сапар екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылдың аяғында 22 магистрант Мәскеудегі Ресей мемлекеттік туризм және сервис университетіне барып қайтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар