Батысқазақстандық майдангердің ордені 80 жылға жуық уақыттан кейін табылды

None
Фото: личный архив фронтовика
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық майдангер Болат Наукешовтің «Қызыл Жұлдыз» ордені 80 жылға жуық уақыттан кейін табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Казталов ауданы Казталов ауылында тұратын 69 жастағы ұлы Марат Наукешовтің айтуынша, марапатты Вологда облысы Устюжна қаласында тұратын Михаил Смирнов өткен жылы тапқан.

М.Смирнов Ресей ғылым академиясы археология институтының ғылыми қызметкерлері жүргізген археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан.

Оның сөзіне қарағанда, орденді қазба жұмыстары жүргізілген жерден 100 метр қашықтықта, Калининград облысы Зеленоград қалалық округі Сычев деревнясы маңында орман ішінде келе жатқанда тауып алған. М.Смирнов экспедиция кезінде археология институтының аға лаборанты қызметін атқарған.


Содан кейін орденнің кімге тиесілі екендігін анықтау үшін Ресей Қорғаныс министрлігіне сауал жолдаған.

РФ Қорғаныс министрлігінің орталық архиві жіберген жауапта: «Архивтік құжаттар бойынша №126898 «Қызыл Жұлдыз» ордені 953-атқыштар полкі 82 миллиметрлік миномет взводының командирі, аға лейтенант, 1920 жылы туған Болат Наукешовке берілгені анықталды. 257-атқыштар дивизиясының 1943 жылғы 4 қаңтардағы №07 бұйрығымен марапатталған, уақытша куәлігі №450550. Үйінің мекенжайы (марапаттау мезгіліндегі): Сталинград облысы, Эльтон ауданы №9 «Булухта» кеңшары» деп жазылған.

М.Смирнов майдангердің ұрпақтарын табуда Устюжна «Первая городская» қалалық газетінің бас редакторы Нелли Еременконың көп еңбек сіңіргенін жеткізді.


Н.Еременконың мәлім еткеніндей, алдымен ресейлік азаматтық хал актілерін тіркеу органдары арқылы Болат Наукешовтің соғыстан кейін Волгоград облысы Эльтон кентінде тұрғанын білген. Үйленіп, ұлы дүниеге келген, бірақ 1952 жылдан кейін ешқандай ақпарат болмаған. Ол Қазақстан тумасы болғандықтан, Ресей аумағынан отанына көшкені қисынға келетін.

«Майдангердің туыстарын интернет пен әлеуметтік желі арқылы іздеуді жалғастырдым. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің сайтында көрсетілген электронды адреске сауал жолдадым. Өкінішке қарай, жауап болған жоқ. Мамыр мерекесі қарсаңында Вологда облысы ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің бастығымен жеке мәселелер бойынша сөйлесіп, өтінішімді айттым. Сол кісінің ұсынысымен басқарманың қылмыстық іздестіру бөліміне сауал жолдадым. Екі аптадан кейін ұялы телефоны бар барлық деректер келіп түсті. Майдангердің ұлдарының деректері белгілі болғаннан кейін 15 мамырда ҚР ІІМ-ге тағы хат жолдадым. Орденді туыстарына салтанатты жағдайда тапсыруды ұсынғым келген. Әзірше ешкім хабарласпады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Еременко.

М.Наукешовтің мәлімдеуінше, орден Қазақстанға пошта арқылы жіберілген.

«Орден қалай жоғалды дегенге келсек, әкем өз естелігінде: «Дивизия қоршауда қалған соң жаудың қолына тимесін деп, қарамағындағы жауынгерлердің партбилеті мен орден-медальдарын бір үлкен емен ағаштың түбіне көмдірдім» деп айтып отыратын. Әкемнің соғыста алған барлық орден, медальдары, партбилеті жоғалып кетті ғой. Михаил Смирновтан «Басқа марапаттары мен партбилеті шыққан жоқ па?» деп сұрап едім, ол тек «Қызыл Жұлдыз» орденінің ғана табылғанын айтты. Дегенмен алдағы уақытта сол маңда іздестіру жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді, бәлкім, сәті түссе, тағы бір қуанып қалармыз. Әкем 1945 жылдың 12 ақпанынан 3 сәуіріне дейін жау тұтқынында болған, дегенмен ол үшін қуғын көрген жоқ», дейді Марат Наукешов.

Болат Наукешов 1920 жылы Орда (қазіргі Бөкей ордасы) ауданы 8-ауылда, Мешітқұм маңында туып-өскен. 1938 жылы Орал қаласындағы рабфакқа оқуға түскен. 1940 жылы соны тәмамдап, Орал қалалық әскери комиссариатының шақыруымен әскер қатарына алынған. 1942 жылдан ВКП(б) мүшесі. 1942 жылы 15 желтоқсанда жарақат алған. Калинин майданы 257-атқыштар дивизиясы 953-атқыштар полкінде 82 миллиметрлік миномет взводының командирі (лейтенант) ретінде ерлігі үшін 1943 жылы 4 қаңтарда «Қызыл Жұлдыз», 1943 жылы екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Кейін гвардия аға лейтенанты атанып, 3-Беларусь майданы 91-гвардиялық атқыштар дивизиясы 279-гвардиялық атқыштар полкінде 76 миллиметрлік зеңбірек батареясы взводын басқарған кезде 1943 жылы 15 наурызда екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденін алған.1945 жылы 11 ақпанда хабарсыз кеткені туралы хабарлама Сталинград облысы Палласов ауданы Эльтон стансасында тұратын анасы Наукешова Агафьяға жіберілген.


Жау тұтқынынан азат етілгеннен кейін Болат Наукешов соғыстан кейін қираған қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, елге 1946 жылы оралды.

1946-1959 жылдары «Эльтон» кеңшарында бас есепші қызметін атқарды. 1959-1960 жылдары Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысы Жәнібек ауданы Калинин атындағы кеңшарда, 1961-1962 жылдары Казталов ауданы Құрманғазы атындағы кеңшарда, 1962-1972 жылдары «Казталов» қой кеңшарында, 1972 жылдан зейнетке шыққанға дейін ХХІV партия съезі атындағы қой кеңшарында, Бірік ауылдық округі Әжібай ауылында бас есепші болды. 1984 жылы 64 жасында қайтыс болды. Зайыбы Рахима екеуі Тельман, Ерлан, Мұрат, Марат есімді төрт бала тәрбиелеп өсірді. Екі ұлы өмірден озды. Үлкен ұлы Тельман 1948 жылы туған, Әжібай ауылында тұрады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да майданнан оралмаған сарбаздың дерегі 80 жылдан кейін табылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар