20:31, 13 Наурыз 2013 | GMT +5
Батысқазақстандық отохирургтер неміс профессоры Х.Хойманның басшылығымен күрделі оталарды жасап үйренуде
ОРАЛ. 13 наурыз. ҚазАқпарат - 13 наурыз күні Германиядан келген профессор Хенинг Хойман БҚО клиникалық ауруханасында өзінің жетекшілігімен ота жасауға қатысқан үш құлақ-мұрын дәрігері мен 11 орта буын қызметкеріне сертификат тапсырды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен Флюра Саматованың хабарлағанындай, Штуртгарттан аталмыш профессор 2011 жылдан бері осымен төртінші рет келіп отыр. Содан бері темпанопластика бойынша 148 ота, 46 протез жасалған. Сондай-ақ 28 бала қайта есту қабілетіне ие болды.
Неміс профессорынан батысқазақстандық отохирургтер Расул Қамкиев, Динара Молдағалиева, Асхат Қадырғалиев дәріс алып, өз тәжірибелерін жетілдіріп келеді.
Бұл жолы 17 наурызға дейін болатын Х.Хойман 64 ота жасамақшы. Ол бұдан кейін де Оралға әлі де бір-екі рет келіп, батысқазақстандықтарға қолұшын бермекші. Ар жағында түрлі оталарды жергілікті дәрігерлердің өздері жасайтын болады. Бұған толық жағдай бар.