18:03, 16 Қараша 2011 | GMT +5
Батысқазақстандық самбошы Е.Байбатыров төртінші рет әлем чемпионы атанды
ОРАЛ. 16 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Литваның Вильнюс қаласында өткен самбодан әлем чемпионатында батысқазақстандық саңлақ Ерболат Байбатыров топ жарды.
Ерболат бұл жолы 57 келі салмақта әлем чемпионы атанды. Бұрын 52 келі салмақта үздік шығып жүрген жиырма бес жастағы батысқазақстандық самбошы осымен төртінші рет әлем біріншілігінің жеңімпазы атанып отыр. Қазақстанда самбодан мұндай атақ-дәрежеге бұрын-соңды ешкім жеткен емес.
Е.Байбатыровты Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов, Райбек Меңдіғалиев, Керей Қойшыбек сынды білікті мамандар жаттықтырып келеді.
Аталмыш чемпионатта 52 келі салмақта тағы бір батысқазақстандық оғылан Медет Оңдағанов күміс жүлдегер атанса, Бауыржан Ғұмаров әскери самбодан қола медальды еншіледі.