Батысқазақстандық судьялар Президент күнін атап өтті (ФОТО)

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыстық сот төрағасы Бек Әметов жиналғандарды мерекемен құттықтап, Тұңғыш Президент күнін тойлаудың мән-маңызына тоқталды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақ елін құрудағы өлшеусіз еңбегі атап өтілді.
Бұдан кейін мемлекеттік әкімшілік қызметке қабылданған Орал қалалық №2 сотының бас маманы - сот мәжілісінің хатшысы Әлия Серікова Президент күні құрметіне салтанатты түрде ант берді.
Лауазымдық міндеттерін үлгілі әрі адал орындағаны, жұмыста қол жеткізген табыстары үшін бір топ қызметкерлер Тұңғыш Президент күніне орай БҚО соты кеңсе басшысының құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі Серік Мыңбаев, №2 Орал қалалық сотының аға сот приставы Уәлихан Қайырмұхамбетов, Теректі аудандық №2 сотының аға сот приставы Ғабит Сақауов, №2 Теректі аудандық сотының бас маманы Салтанат Төреғалиевалар бар.
Президент күніне арналған шаралар аудандық соттарда да өткізілуде.