Батысқазақстандық театр Қостанай қаласында І.Омаровтың 100 жылдығына орай өткізілген республикалық театр фестивалінен жеті бірдей жүлдемен оралды

Театрдың бас режиссері Мұқан Томанов сахналаған Г.Гориннің «Атың өшсін, Герострат!..» трагикомедиясында ойнаған Ербол Есендосов, Мұсағали Бектенов, Бақытжан Өтеғалиев «Ең үздік актер», Тоғжан Мүтиғоллина «Ең үздік актриса», Талиғат Жігеров «Ең үздік эпизодтық рөл», Құжырғали Төлеуішев «Ең үздік аударма», Мұқан Томанов «Ең үздік режиссер» аталымы бойынша лауреат атанды.
Театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сердеш Қажымұратовтың айтуынша, бір театрдың бірден жеті жүлде алуы - сирек оқиға. Тіпті еліміз бойынша бұрын мұндай болмаған. Мысалы, бір театрдың актеріне «Ең үздік ер адам рөлі» берілсе, екінші театрға «Ең үздік әйел бейнесі» беріліп келді. Бір-бірден.
Фестивальдің қазылар алқасында ҚР халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов (төраға), ақын-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев), өнертану ғылымының кандидаты, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Аманкелді Мұқанов, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Челябі өнер институтының кафедра меңгерушісі Анатолий Кривошей, өнертану ғылымының кандидаты Людмила Мартынова болды.
Қазылар алқасының қойылымға, оның режиссері Мұқанға риза болғандары сондай, Тұңғышбай Жаманқұлов: «Мұқан, сен не істегеніңді білесің бе? Сен мынау спектакліңмен мені талдырып тастадың. Бұл - шетелге шығарып қоятын қойылым» деп мойындаған.
Сондай-ақ спектакльдің суретшісі Қайыр Оразғалиевтың да еңбегі жоғары бағаланған. Жалпы, режиссердің ұтымды шешімдері, шетел классикасын бүгінгі күнге ұштастыра алуы, оның үстіне актер ойыны, музыкамен көркемделуі, бәрі-бәрі тұтас бір ансамбль құра алғаны - Орал театрының басты жетістігі.
Режиссер Мұқан Томановты сол жерде-ақ Алматы және басқа облыс театрлары спектакль қойып беруге шақырыпты. Журналистермен өз қуаныштарын бөліскен актерлар қауымы фестивальден үлкен міндет пен жауапкершілік арқалап қайтқандарын, бұл жеңіс жаңа шығармашылық биіктерге жетелейтінін қуана жеткізді.