Батысқазақстандық театрда «Ханума» қойылымының премьерасы болды
Спектакльді Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалы-драмалық театрының бас режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ерсайын Тәпенов сахналады. Пьеса 1882 жылы жазылса да, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Үнемі көңілді қалпынан таймайтын Ханума (әртіс Бибігүл Исалиева) жеңгетай болып, жұртты жарастырып, қосып жүреді. Қарт князь (Боранбай Молдабаев) осы Хануманың көмегіне жүгініп, үйленгісі келеді. Қалыңдық та табылады. Осы жерде ойламаған жерден екінші жеңгетай Кабато (Эльмира Мақашева) килігеді. Атақ-даңқ, байлықтан басқа ештеңені ойламайтын көпес Микич (Ербол Есендосов) қызы Сонаны князьға беруге қарсы емес. Бірақ Сона князьдың туысқан інісі Котэні сүйеді. Ақыры шым-шытырық болып шиеленіскен оқиға Хануманың «үйлестіруімен» екі жастың үйленуімен тынады. Жас иіске көңілі ауған князьдың «үлесіне» қартаңдау Сулико тисе, Хануманың өзі де махаббаттан құр қалмайды. Ол көпестің қызметшісі Аконмен (Талиғат Жігеров) қосылады.
Спектакльдың өнбойында оқиға ән-бимен өрнектеліп отырады. Бұлардың бәрін де орындайтын - театр әртістерінің өздері. Рольдерді орындаушылардың киімдері, сахналық безендірілуі бір-бірімен үйлесім тапқан. Әртістердің орындаушылық шеберлігі де жоғары.
Оралға келіп, аталмыш комедияны сахнаға шығарған Е.Тәпенов театр әртістерінің талантты екенін айтып, әсіресе, жастардың өнер-ойынына ерекше риза болды.