Батысқазақстандық тележурналистер халықаралық байқаудан бірінші жүлдемен оралды (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Волгоград қаласында өткен «Мәңгілік алау» VІІІ халықаралық телефильмдер мен бағдарламалар фестивалінен батысқазақстандық тележурналистер бірінші жүлдемен оралды.
None
None

«Қазақстан» РТРК» АҚ Батыс Қазақстан филиалының директоры Асланбек Ғұбашевтің айтуынша, негізінен Ұлы Жеңіс тақырыбына арналған дәстүрлі байқауға осы жолы жеті мемлекеттің өкілдері қатысып, олардың 370 жұмысы сарапқа салынды. Бұл - Қазақстан атынан барған батысқазақстандықтардың мұндай халықаралық фестивальға бірінші қатысуы. Бұл және өзге тілде (қазақ тілінде) түсірілген шығарманың фестивальда алғаш бақ сынауы екен. Соған қарамастан, «Соғыс жаңғырығы» телетуындысы тәжірибелі қазылар алқасының көңілінен шықты. «Соғыс жаңғырығы» (авторы - Жидегүл Аманғали, режиссері Жігер Құмаров, операторы Тарас Қажымов, дыбыс режиссері Тұрар Разғалиев) Сталинград майданына тиіп тұрғандықтан, соғыс жағдайында деп жарияланған Жәнібек, Орда (қазіргі Бөкей ордасы) аудандарындағы оқиғаларды қамтиды. Бұл аудандарда соғыс іздері (бауырластар зираттары, снаряд тиген ғимараттар, бомбадан қалған шұңқырлар, орлар) әлі күнге дейін сақталған, соның ішінде Жәнібек ауданындағы Қандықұдық елді мекені тұсында құлаған ұшақ қалдықтары да бар. Соғыс жалыны Жәнібек пен Орданы шарпығанын көпшілік әлі біле бермейді. Міне, аталмыш туынды осыны паш етеді.

Айта кетейік, бас жүлдені «Сталинград энциклопедиясы» атты бағдарламалар топтамасы үшін «Волгоград-ТРВ» МТРК иеленді, бұл телеарнаны Асланбек Керашев басқарады.

Соңғы жаңалықтар