Батысқазақстандық университетте ресейлік және қазақстандық ғалымдар тәжірибе алмасты

«Ғылымдағы заманауи интеграциялық басымдықтар: зерттеуден инновацияға дейін» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Білім мен ғылым саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін талқылау, зерттеу мен инновация саласындағы жоғары оқу орындары арасындағы өзара тәжірибе алмасу мақсатын ұстанған конференцияның жұмысына Қазақстанның және Ресейдің жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарының, ұлттық және инженерлік зертханалардың басшылары мен ғалымдары қатысты.
Конференция аясында секциялық отырыстар, ғылыми зерттеулер жүргізудегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы, ұлттық және инженерлік бейіндегі зертханалардың ғылыми жетістіктерінің, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғылыми-зерттеу жұмысының және ғалымдарының ғылыми еңбектерінің көрмелері, оқу-ғылыми-өндірістік орталығындағы тәжірибелік-зерттеу жұмыстарымен таныстыратын «Дала күні» шарасы, университеттің факультеттері мен зертханаларына, соның ішінде аквакультураның тәжірибелік-өндірістік учаскесі мен инженерлік бейіндегі биотехнологиялық зертханаға саяхат ұйымдастырылды.
Конференцияның пленарлық мәжілісі Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Кәрімовтің құттықтау сөзімен ашылып, университет ректоры, профессор Қазыбай Бозымовтың білім мен ғылымды ұштастыра жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар жайындағы баяндамасымен жалғасты. «Елбасы тапсырмасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен республикада ашылған 5 ашық үлгідегі ұлттық зертхана мен 15 инженерлік бейіндегі университеттік зертхананың бірі біздің университетте құрылды. Бүгінде инженерлік бейіндегі зертхана ветеринария, мал шаруашылығы, микробиология, өсімдіктердің жасушалық мәдениеті, қоршаған орта объектілерін мониторингілеу бағыттары бойынша жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейдегі зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Университетте биотехнология, құрылыс материалдары өндірісінде, өңдеуші кәсіпорындарда, мал шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында жаңа технологияларды ендіру және жетілдіруге байланысты 34 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. 2013 жылы гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 141 млн. 150 мың теңгені құрады», - деді Қазыбай Қараұлы өз баяндамасында. Ғылыми зерттеулер жүргізу барысында университет Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен, сондай-ақ 40-тан астам шетелдік әріптестермен өзара ынтымақтаса жұмыс істеуде.
Бұл конференция қазақстандық және шетелдік ғылымдардың, Қазақстанның ұлттық және инженерлік зертханаларының арасындағы ашық сұхбат алаңы болып, жаңа мақсатты ізденістерге жол ашты.