Батысқазақстандық университетте түлектерді жұмысқа орналастыру ісіне ерекше көңіл бөлініп келеді
Бұл туралы университет жанындағы кәсіптік практика және студенттік мансап департаментінің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бейбіт Нәсиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, 2009-2010 оқу жылында 180 кәсіпорынмен келісім-шарт жасасқан университет 3317 студентті негізгі және 2100 студентті ауыспалы кесте жүйесімен машықтандыруға мүмкіндік алды. Практика жұмысын ауыспалы кесте технологиясы арқылы жүргізу университетке де, кәсіпорын жетекшілеріне де тиімді болды. Департамент қызметкерлері машықтандыру орындарын одан әрі толықтыру үшін тек Батыс Қазақстан ғана емес, өзге аймақтағы өндіріс орындарымен де байланыс жасауда. Мысалы, биыл Атырау мұнай өңдеу зауытында үш студент, Атырау бекіре балығы зауытында 17 студент және Ақтөбе хром қосылыстары зауытында ай сайын екі студенттен ауыспалы кесте арқылы машықтанды. Саратов техникалық университетімен жасалған өзара ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру мақсатында Саратов және Энгельс қалаларының кәсіпорындарында «Машина жасау» және «Электроэнергетика» мамандықтары бойынша білім алып жүрген алты студент практикадан өтті. Сондай-ақ Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетімен жасалған келісім-шарт бойынша жақында «Мұнай-газ ісі» мамандығын қалаған 17 студентке технологиялық-өндірістік практика ұйымдастырылмақшы.
Биыл тұңғыш рет «Лого» фирмасының ықпал етуімен қалаған мамандықтарына машықтану үшін екі студент Германияға жіберілді.
Университет бүгінгі таңда студенттерге машықтану мен сынақ ісін ұйымдастыру және олардың кейін жұмысқа орналасуына ықпал ету мақсатында 12 шетел компаниясымен меморандумға қол қойды. Аталған меморандумға сәйкес шетел компанияларына 414 студент машықтануға жолданды. Бәсекеге қабілетті мамандар дайындау ісінде университетке «ҚПО б.в.» компаниясы тарапынан көп көмек көрсетілді. Аталған компания соңғы екі жылда университеттің 261 студентін заманауи техологияларда жұмыс істеуге үйретті. Компания сондай-ақ жыл сайын Қазақстан студенттеріне 407 мың теңге көлемінде 15 оқу грантын бөліп келеді. Университет студенттері аталған грант конкурсына қатысып, оның қомақты бөлігін жеңіп алуда. Биыл сегіз студент «ҚПО б.в.» білім грантына ие болды. Тағы бес студент Аджип ККО компаниясының білім грантын еншіледі. Сондай-ақ «Казэнерджи» және «Эни» компанияларының білім грантына ие болған студенттер де бар.
Былтырғы оқу жылында университеттің 300 түлегі «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырылса, биыл жұмыс табушылардың саны бұдан әлдеқайда көп болады деп жоспарлануда. Жұмысқа орналасқысы келген жастар үшін университетте «Түлектердің электронды түйіндемелері» базасы құрылып, аталған база университеттің www.wkau.kz.сайтында орналастырылды.
Түлектерді ауылдық жерлерге жұмысқа тарту мақсатында биылғы жылдың наурыз айында жұмыс берушілердің аймақтық форумы ұйымдастырылып, оған Ақтөбе, Атырау облысының жұмыс берушілері де белсене қатысты. Форум аясында өткізілген іріктеу кезінде 178 түлек ауылдық құрылымдарға тұрақты жұмысқа қабылдануға мүмкіндік алды.
Түлектерді еңбекке орналастыруға ықпал ету мақсатында университетте студенттік сынақ ісі технологиясы жұмыс істейді. Биыл 180 студент кәсіпорындармен жасалған келісімшарттар негізінде сынақ ісінен өтуге жолданды.