Батысқазақстандық жол полицейлері жол апатынан зардап шеккен азаматқа қолұшын созды
БҚО ІІД жол полициясы басқармасының инспекторы, полиция подполковнигі Ербол Өтешевтің айтуынша, жиырма сегіз жасар Нұркен ерлік істеген. Ол осыдан дәл төрт жыл бұрын жол бойында аяғы тайып құлаған қызды құтқарам деп, автокөліктің астына түскен. Содан басына, омыртқа жотасына, басқа дене мүшелеріне жарақат алған. Жеті рет ота жасау үстеліне жатыпты. 2009 жылы тағы бір операция жасатуы тиіс еді. Сынған 6-7 омыртқаның орнында тұрған сымды алдырып, пластик немесе титанды жасанды омыртқа салу керек болатын. Алайда, оған қаржылық жағдайы болмай қалды. Анасының зейнетақысы, аға-апасының еңбекақылары оның дәрісінен, басқа керек-жарақтарынан ауыспады. Сөйтіп ол төсекке таңылған күйінде қалды. Баласының қиналысына шыдамай, әкесі биылғы жазда дүниеден озды.
Өзгенің өмірін сақтау үшін мүгедек болған бұл жігіттің тағдыры туралы таяуда қалалық басылымдардың бірінен оқыған МАИ қызметкерлері Нұркенге көмек қолын созуды ұйғарыпты. Яғни БҚО ЖПБ-ның барлық қызметкері өздерінің бір күндік еңбекақыларын аударған. Басқарманың баспасөз қызметінің өкілі Нұртай Лезовтың мәлімдеуінше, жәнібектік жігіттің денсаулығы жол полицейлерінің тұрақты назарында болмақ. Алдағы аптада операцияға келуге дайындалып жатқан Нұркен де, анасы Күлшара да жол сақшыларының бұл қайырымдылықтарына ризашылықтарын білдірді.