Батысқазақстандықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды
Салтанатты жиында Ақ Жайық жұртшылығын құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, бұл - ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн. Бұл - ұрпақтарымыз ұлы елдің ұланы, азат елдің ақиығы атануына жол ашылған қастерлі күн. Бұл - тілімізді жаңғыртып, дінімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы күн. Тәуелсіздік - тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт.
«1991 жылдың 16 желтоқсанында әлем ұлттары шоқжұлдызында жаңа жұлдыз - Қазақстан Республикасы жанды. Осы күні біз өзіміздің Қазақстан жолын бастадық. Біз ұлы миссияны жүзеге асырдық - Тәуелсіздіктің көшбастаушылары болдық. Уақыт - зымыран. Тәуелсіз Қазақстан дүниеге келген сәттегінің бәрі - бүгін мәңгілікке алыстап бара жатқан тарих. Сол кездегі уақыт туралы біз қазіргі ұлы жетістіктерді салыстырып, пікір айтамыз. Жиырма үш жыл бұрын біз әлем елдері ішінен экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасуды армандаған едік. Ал қазіргі таңда Қазақстан әлемдегі бәсекеге аса қабілетті елуліктің қатарына енді. Бұл - Тәуелсіздік жылдарындағы үлкен мақтанышымыз.
Елбасымыз «Біз туған елімізді бейбітшілік бесігіне айналдыра білдік. Елімізде тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық салтанат құрды. Бірлік, береке - біздің басты байлығымыз, құнжетпес қазынамыз. Егер тұғырымыз - тыныштық, тірегіміз - тұрақтылық, тілегіміз татулық болса, онда еліміз тарихтан лайықты орнын алады. Тәуелсіздік халқымызды бейбітшілік пен келісімнің сақтаушысы - Ассамблеяның бірыңғай шаңырағының астына топтастырды. Біздің рухани бірлігіміз - зайырлы мемлекет пен қоғамның басты іргетасы» деген болатын.
Биылғы 11 қарашада Елбасымыз «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауын жария етті. Ол Қазақстан халқы ғана емес, әлемдік қауымдастық тарапынан қолдау тауып отыр. Мәселен, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары, ханзада Зейдәл-Хусейн бұл Жолдау қазақстандықтардың бойына ертеңгі күнге деген сенім ұялататынына назар аударды. Ол қоғамда этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығы туралы идеяны әмбебап деп санап, оны өзге елдерге де қолдануға болатынын айтады. Бұл - елімізге берілген үлкен баға», - деді әкім.
Бұдан кейін облыс басшысы мемлекеттік наградаларды табыс етті. «Құрмет» орденімен облыстық мәслихат депутаты, «ҚазИИТУ» білім-ғылым кешенінің президенті Ақсерік Әйтімов, Ауған соғысы ардагерлері облыстық қоғамының төрағасы Тахир Қощанов, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртісі Ермек Қазиев, «СВ плюс» ЖШС-ның директоры Сәбит Өтебәлиев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкенов марапатталды. «Ерен еңбегі үшін» медалін Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Жаскелең Ғайсағалиев, «Қазақстан» РТК» АҚ БҚО филиалының директоры Асланбек Ғұбашев, «Орал терминал» ЖШС-ның директоры Мұрат Жәкібаев, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның операторы Мәрзия Қыдырәлиева, Қазталов ауданындағы К. Меңдәлиев атындағы орта мектептің мұғалімі Бейбіт Мұқанов өңірлеріне тақты. Ал «Шапағат» медалін «Ақ отау» жанұя орталығының төрайымы Алтынай Есқалиева, облыстық онкологиялық диспансерінің мейірбекесі Гүлнар Жұмағазиева, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының дәрігері Вероника Захарова иеленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын облыстық қазақ драма театрының әртісі Ербол Есендосов алды. ҚР Құрмет грамотасына ие болғандардың қатарында Ақжайық ауданындағы «Сәбит» шаруа қожалығының басшысы Ербол Құрманғалиев, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің санитары Елена Приказчикова, Қаратөбе ауданындағы «Нұрқанат» шаруа қожалығының жетекшісі Қалимұрат Сариев бар.
Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.