Батысқазақстандықтар самбодан «А.Харлампиев мемориалы» әлем кубогында табысты өнер көрсетті

Аталмыш турнирге әлемнің 35 елінен таңдаулы спортшылар қатысып, 27 салмақ дәрежесі бойынша (9-ы әскери самбодан және тоғыз-тоғыздан ерлер мен әйелдер арасында) жүлделерді сарапқа салды.
Әскери самбодан батысқазақстандық Қазбек Сұпығалиев 57 келі салмақта алтыннан алқа тақса, БҚО ішкі істер департаментінің қызметкері Темірлан Ихсанғалиев (74 кг) қола жүлдені еншіледі. Ерлер арасында тағы бір полиция қызметкері, самбодан әлемнің төрт мәрте чемпионы Ерболат Байбатыров (57 кг) күміс жүлдені қанжығасына байласа, Нұрбол Серіков (68 кг) үшінші орынға көтерілді. Әйелдер арасында Алмагүл Орынғалиева (56 кг) финалда ресейлік Анастасия Валоваға ғана есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.
Сондай-ақ Қазақстаннан барған басқа да самбошылар жүлделі орындардан көрінді. Әсіресе, Бейімбет Қанжанов ерлер арасында 52 келі салмақта алтыннан алқа тақса, Есет Қуанов (62 кг), Асылбек Әлкей (74 кг) күміс медальмен қайтты. Әскери самбодан Асылхан Рахымжанов (52 кг), Рүстембек Жиреншиев (82 кг) қола жүлдені иеленді. Әйелдер арасында Әлия Жылқыбаева (80 кг) күміс, Ділдаш Күрішбаева (68 кг) мен Зере Бектасқызы (72 кг) қола медальді жеңіп алды.
Командалық есепте әскери самбодан және ерлер мен әйелдер арасында да Қазақстан құрамасы үшінші орынға табан тіреді.