Батысқазақстандықтар тәжік-ауған шекарасында ерлікпен көз жұмғандарды ұмытпайды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінде 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен көз жұмған Қазақстан ішкі әскерінің 17 жауынгерін еске алуға арналған ерлік күні өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы, подполковник Ерболат Сұлтановтың айтуынша, күші әлдеқайда басым жаумен сол қиян-кескі шайқаста 17 жауынгер қаза тауып, 33-і түрлі жарақат алған болатын. Старшина Қалқаман Бақбаев, сержант Радик Қаймулдиев, кіші сержант Әлихан Өгізбаев, қатардағы жауынгерлер Ержан Әбдиев, Ержан Байғабысов, Еркін Байғабылов, Ербол Бекебаев, Бауыржан Далабаев, Жақсылық Жансүгіров, Имомадин Жұматов, Қанат Едырышев, Ербол Исабаев, Еркебұлан Мақажанов, Михаил Мартыненко, Анатолий Мешков, Дастан Нұрметов, Таһир Райымжановты қазақстандықтар ешқашан ұмытпайды. Олардың бәрі де ерлікпен қаза тапқаннан кейін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Соның ішінде БҚО-ның Шыңғырлау ауданынан аттанған Радик Қаймулдиев те бар.
Он жеті жауынгердің құрметіне орнатылған ескерткішке гүл шоқтары қойылып, салтанатты жиында «Батыс» өңірлік қолбасшысының міндетін атқарушы, полковник Арман Жұмағалиев, ардагерлер кеңесінің төрағасы, доғарыстағы подполковник Бақытжан Бердиев, БҚО ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлері қоғамының төрағасы Таһир Қосжанов, тәжік-ауған оқиғалары ардагерлері одағының төрағасы Дәрібек Сүлейменов, Р.Қаймулдиевтің әкесі Бақтыгерей Қаймулдиев батырлардың ел есінде мәңгі қалатынын жеткізді.
Айта кетейік, тәжік-ауған шекарасында әскери борышын өтегендерден қазіргі таңда «Батыс» өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінде полковник Берік Омаров, капитан Қайрат Жолдығұлов, лейтенант Сергей Гафаров қызмет атқаруда. Ал доғарыстағы подполковник Олег Леоненко мен прапорщик Қанат Әліпов құрметті демалыста.
Ерлік күніне орай шаралар Ұлттық ұланның барлық бөлімдерінде ұйымдастырылып, мінсіз қызмет атқарып жүрген жауынгерлер грамота, бағалы сыйлықтармен марапатталды. 
