Батыстың санкциялары ЕАЭО дамуына кедергі келтіруге қауқарлы емес - сарапшылар
«Сауал өте өзекті. Бірақ ол Батыс қаншалықты және қандай көлеммен бұл санкцияларды қолдануға даяр екендігіне байланысты. Әзірге санкциялар ақпараттық риторика деңгейінен шыға алмай отыр. Ресейде немесе Еуразиялық экономикалық одақ аясында ішкі экономикалық тұрақсыздыққа әкелетіндей бір маңызды қадамдар жасалған жоқ», - дейді Е.Махмұтова бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, санкциялар негізінен ақпараттық қысым жасауға бағытталған. Дегенмен, оның ешқандай маңызды өзгерістер әкеле алмайтындығы белгілі.
«Меніңше, мұнда Еуразиялық экономикалық одақтың беделіне нұқсан келтіру үшін қолға алынған қасақана шара, әсіресе еуропалық инвесторлардың тарапынан. Дегенмен санкция деген бір басқа, экономикалық мүдде бір басқа дүние ғой. Қазірдің өзінде еуропалық ортада экономикалық санкциялардың қажеті жоқ деп санайтын дегдар тұлғалар көбейіп келеді. Сондықтан осы тұста мен батыстың экономикалық санкцияларына үлкен мән бермес едім. Өйткені еуразиялық көлемдегі ірі инвесторлар бұл санкцияларға күмәнмен қарайды және ЕЭО-ға бағытталатын инвестицияларға қауіп төндіреді деп есептемейді», - деп атап өтті Е. Махмұтова.
Сарапшы Е.Кузьмина әріптесінің бұл сөзін құптап отыр.
«Егер Санкт-Петербор экономикалық форумының нәтижелерін қарайтын болсақ, бұл санкциялар соншалықты өзінің дегеніне жете алмағандығын көреміз, - дейді ол. - Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ Дүниежүзілік сауда ұйымының принциптері бойынша құрылғандықтан, Еуропалық одақ пен ЕЭО арасындағы сауда мәселелері алдымен ДСҰ шеңберінде жүреді. Сондықтан ешқандай кедергі жоқ. Экспорттық келісімдердің барлығы ДСҰ немесе өзге принциптермен жасалып қойған», - дейді Е.Кузьмина.
Оның айтуынша, санкциялар енгізілетіні туралы жарияланған кейін, біздің үш мемлекеттің президенттері бас қосып, барлық жақтарды ақылға салған және онда үш мемлекет экономикалық тұрғыда бірлесе дамуы қажет деген ой түйілді.
Еске сала кетейік, АҚШ және бірқатар Еуропа елдері Ресейге қатысты экономикалық санкциялар енгізетіндіктерін жариялаған болатын. Алайда әлемдік қауымдастық қазіргі уақытта оның нәтиже беретіндей тетіктерін көріп отырған жоқ. Кейбір скептиктер бұл санкциялар Еуразиялық экономикалық одақ жұмысына кедергі болуы мүмкін деген ой білдірді. Дегенмен, оны бүгінде ешқандай сарапшы растаған жоқ.