Бау шаруашылығына қажетті көшеттер өңірде өсіріледі - ОҚО
Өз хабарламасында басқарма басшысы салада атқарылған жұмыстар негізінен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталғанына назар аударды, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі.
Былтырғы жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 101,4 пайыз болып, нақты көлем индексі 101,6 пайызды құраған. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде былтырғы жылы әртараптандыру бойынша егіс көлемі 774,3 мың гектардан 779 мың гектарға ұлғайған. Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту тапсырмасы 82 пайызға орындалып, 21,6 мың гектарға жеткен. Мақтарал ауданы егістігін әртараптандырудың 2014-2016 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес 8 мың гектар алқапта мақта дақылы қысқартылған. Қысқартылған мақта дақылының орнына бақша, жүгері, жоңышқа, көкөніс, жеміс-жүзім дақылдары егіліп, 5,9 млрд. теңгеден астам таза табыс әкелген. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2014 жылы барлығы 86 мың гектарға мақта дақылы егіліп, небәрі 1 млрд. теңгеден астам ғана табыс әкелген. Бүгінгі таңда облыстағы баудың жалпы егіс көлемі 16272 гектарды құрайды, оның ішінде қарқынды бау шаруашылығының көлемі 550 гектар болып отыр. Былтырғы жылы қарқынды баудың көлемі 300 гектарға ұлғайып, 750 мың жеміс ағаштарының көшеттері отырғызылған. Ал биылғы жылы интесивті бау шаруашылығы қосымша 560 гектарға ұлғаяды деген жоспар бар. Оған қажетті 1,5 млн.-ға жуық көшет осы аймақта өсірілмек. Жылыжайлар көлемі 158 пайызға орындалып, 910 гектарға жеткен. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 8 мың бас ірі қара мал алу жоспарланып, нақты 15542 бас алынған. «Алтын асық» бағдарламасымен 15 мың бас қой алу жоспарланса, нақты 40 мың бас қой алынған. Ал «Құлан» бағдарламасы аясында 500 жылқының орнына 3 мың бас жылқы алынған. Мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған іс-шарасы аясында 2166 жоба 5,9 млрд. теңгеге қаржыландырылған. 7,3 мың тонна ет, 12,8 мың тонна сүт, 5,9 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Жаңа 4482 жұмыс орны ашылды. Қабылданған іс-шараға сай елді мекендерде 2034 шағын мал бордақылау алаңдары, 112 отбасылық шағын сүт фермалары, 11 сүт қабылдау бекеттері және 9 селолық тұтыну кооперациялары құрылды.
Басқарма басшысы өз баяндамасында ет, сүт, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының бүгінгі жай-күйін де ортаға салды. Бүгінгі таңда өңірімізде 43 ет, 39 сүт және 39 жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу кәсіпорындары жұмыс жүргізеді. «Осы кәсіпорындардың әлеуетін толық пайдалансақ, өндірілген ауыл шаруашылық тауарларын дайын өнім ретінде экспорттауға мүмкіндігіміз артады» - деді Қ.Оспанбеков. Басқарма басшысының 2014 жылы атқарған жұмыстарын тыңдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдің ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, соның нәтижесінде еңбек өнімділігі едәуір артқандығын мәлімдеді. Дегенмен, егіс көлемін әртараптандырумен қоса саладағы негізгі көрсеткіштер бойынша межелердің орындалуына мониторинг жүйесін жетілдіру керектігіне назар аударды. Суармалы жерлерді ұлғайту мәселесінде бұрынғы егістік алқаптарын қайта іске қосуда пәрменді жұмыстар жүргізуді міндеттеді. Қысқартылған мақта алқаптарының орнына егілген дақыл түрлерінің экономикалық тиімділігін жан-жақты түсіндіріп, дайын өнімді әртарапқа жөнелтуге ықпал ететін логистикалық орталық қалыптастыруды тапсырды. Қарқынды бау шаруашылықтары мен тамшылатып суғару әдісі ендірілген егістік көлемін ұлғайту бойынша кешенді іс-шара жоспарын жасауды, осы әдісті ендіруге және жылыжай шаруашылықтарын құруға қажетті құрал-жабдықтар өндіру мәселесін зерделеуді, жылыжай шаруашылықтарында өндірілген өнімдер қай елдерге жөнелтіліп жатқанын саралауды, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың қазіргі таңдағы қаншалықты жүктелгендігін тапсырды.