Бауыржан Байбек: Алматы базарларында қылмыстық топтар барын білеміз

АСТАНА. ҚазАқпарат - ОКҚ-да баспасөз мәслихатын өткізген Алматы әкімі Бауыржан Байбек Алматыдағы базарлардың бәрінің жұмысы ретке келтіріліп жатқанын, 57 базардың 30 пайызының жұмысы жаңа форматқа көшкенін мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Қалада 1300 заңсыз дүңгіршектерге демонтаж жасалды. Дәл сол мөлшердегі ескі үлгідегі билбордтар ауыстырылды. Өздеріңіз сұрамасаңыздар, дүңгіршектердің немесе гүл сататындардың 99 пайызы Сізге саудадан кейін түбіртек бермейді. Бұның бәрі көлеңкелі экономика. Сонымен бірге, бүгінгі таңда ірі сауда орталықтарында 40 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Соңғы 2 жылда ғана бұл сауда орталықтарының жаңартылуына 200 млрд теңгелік жеке инвестиция құйылды. Халықаралық стандарттарға сай келетін 16 сауда кешені ашылды», - дейді қала әкімі.

Бауыржан Байбектің айтуынша, базарлардан гөрі ірі сауда орталықтарында сауда жасау әлдеқайда тиімді.

«Мен Сіздерге мысал келтірейін, көптеген адамдар базарда тауар арзан деп ойлауы мүмкін. Бірақ, бұл олай емес. Бүгінгі таңда көптеген сауда орталықтары Сіз сатып алатын картопты базардағыдан арзан бағада ұсынады. Екіншіден, біз базарларда санитарлық нормалар сақтала бермейтінін, көптеген өнімдердің тоңазытқышта сақталмайтынын, түбіртек те жоқ екенін білеміз. Тауар үшін Сіз күні ертең ешқандай дау айта алмайсыз. Одан бөлек, соңғы бірнеше жылда қанша базардың өртенгенін білесіз. Күні бүгінге дейін сол өртенген тауарларының ақшасын қайтара алмай жүргендер бар. Себебі, тауар сақтандырылмаған. Камера да, қауіпсіздік те жоқ. Онда қылмыстық топтар жұмыс істейді. Біз білеміз. Сауда орталықтарында бұндай былықтың бірі жоқ», - дейді қала басшысы.

Баспасөз мәслихатының «сұрақ-жауап» кезеңінде тілшілер қауымынан Бауыржан Байбекке қандай қылмыстық топтар туралы сөз етіліп отырғаны туралы сұрақ қойылды.

«Әрбір базарда сондай болады. Сіз білесіз ғой... Қолма-қол ақша жүрген жерге көп адамдар қызығады. Мысалы Дүниежүзілік банктің мәліметінің 10 жыл бұрынғы зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша, Алматы базарларында 1,5 миллард долларлық айналым бар. 1,5 миллиард доллар! Қазір 84 миллард төлейді (...) Базарлардан ақша бес-алты есе аз түседі. Ол ақша қайда кетіп жатыр. Мен білмеймін. Сіз де білмейтін шығарсыз. Сондықтан сол жақта (базарларда - авт) қолма-қол ақша жүрген кезде әртүрлі топтар болады. «Көмектесеміз, қорғаймыз» деп келеді. Біз құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, әрбір базармен жұмыс істейміз. Оның саны (базарлардың - авт) бізде - 57. Қазіргі таңда олардың 30 пайызын біз жаңа форматқа көшірдік. Нақты базарды мен айтпаймын. Бізде мәлімет бар. Ол бойынша біз заң шеңберінде жұмыс атқарып жатырмыз», - дейді Бауыржан Байбек.

Соңғы жаңалықтар