Бай-манаптан тәркіленген қаражаттың 50 млрд теңгесі «2-10-20» ипотекалық бағдарламасына бөліне ме — Скляр жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының Активтерді қайтару комитеті тартқан қаражат есебінен «Отбасы банкінің» «2-10-20» ипотекалық бағдарламасына 50 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мүмкіндігіне қатысты сауалына жауап берді.

Бірінші вице-премьердің мәліметінше, Арнайы мемлекеттік қордың қаражатын пайдалану тәртібі мен мониторингі Қаржы министрі міндетін атқарушының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 1033 бұйрығымен бекітілген «Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану және мониторингілеу қағидаларында» айқындалады. Осы қағидалардың 5 және 6-тармақтарына сәйкес, қор қаражаты есебінен қаржыландыруға жататын әлеуметтік және экономикалық жобалардың тізбесі Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 165 бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау қағидаларына сәйкес қалыптастырылады.
— Бұл ретте қағиданың 6-тармағына сәйкес, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ағымдағы бюджеттік бағдарламаларына жататын шығыстар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, қаржылық даму институттарына, екінші деңгейдегі банктерге және микроқаржы ұйымдарына бюджеттік несиелерге қатысты шығыстар қор қаражаты есебінен қаржыландырыла алмайды. Осыған байланысты «Отбасы банк» АҚ-ына қор қаражаты есебінен қосымша қаржыландыру бөлу мүмкін емес, — деді Роман Скляр жауабында.
Сонымен бірге, ол тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында халықты мемлекеттік қолдаудың түйінді шараларының бірі «2-10-20» (жылдық 2%, бастапқы жарна 10%, мерзімі 20 жыл) және «5-10-20» (жылдық 5%, бастапқы жарна 10%, мерзімі 20 жыл) мемлекеттік бағдарламалары арқылы азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдікті ипотекалық қарыздар беру арқылы тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етілетіндігін атап өтеді.
— Осы жылы 3 400 қарыз беру үшін 40,6 млрд теңге көзделген. Бүгінгі күні 29,6 млрд теңгеге 2 461 қарыз берілді (2% — 13,5 млрд тенгеге 1 086 қарыз, 5% — 16,1 млрд теңгеге 1 375 қарыз). Жалпы, 2020 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде аталған бағдарламаларды қаржыландыруға мемлекет тарапынан 490,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен берілген бюджеттік несиелер есебінен — 300,6 млрд теңге, Ұлттық банктің облигациялық қарыз есебінен — 190 млрд теңге. Аталған кезеңде жалпы сомасы 730,9 млрд теңгеге 67 603 қарыз берілді (2% — 218,3 млрд теңгеге 18 953 қарыз, 5% — 512,6 млрд теңгеге 48 650 қарыз). 2024 жылды қаржыландыру 2023 жылдың қалдық қаражаты және айналымдағы қаражат есебінен жүзеге асырылды. Ол 81,3 млрд теңгені құрады және 6 884 қарыз беру жоспарланды (2% — 55,3 млрд теңгеге 4 683 қарыз, 5% — 26 млрд теңгеге 2 201 қарыз), іс жүзінде 108,1 млрд теңге сомасына 9 004 қарыз берілді (2% — 48,5 млрд теңгеге 3 859 қарыз, 5% — 59,6 млрд теңгеге 5 145 қарыз), — деп атап өтеді Роман Скляр.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары «2-10-20» жеңілдікті ипотекалық бағдарламасына қатысушыларға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті тартқан қаражат есебінен «Отбасы банк» акционерлік қоғамын 50 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру ұсынған еді.
Айта кетелік Отбасы банк пен Халықаралық қаржы корпорациясы келісім орнатқан еді.