Баян Өлгей халқы Кәрім Мәсімовке ақбоз ат мінгізіп, шапан жапты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Моңғолияға барған ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Өлгей қаласына барып, қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Pm.kz.
None
None

Естеріңізге салсақ, ҚР Премьер-Министрі 15 шілде күні Ұлан-Батыр қаласында өтетін XI АСЕМ саммитіне қатысу үшін Моңғолияға барған болатын. Мұнда Үкімет басшысы селден зардап шеккен тұрғындарға Қазақстан қаржылай көмек беретінін айтты.

Осы өңірде іс-сапармен жүрген журналист Марфуға Шапиян өзінің Фейсбуктегі жеке парақшасында Үкімет басшысының кездесуінен суреттер жариялаған.

«Жаңа ғана біз тоқтаған "Бай Өлке" қонақүйінің алдындағы алаңда Қазақстаннан келген делегаттар мен жергілікті қазақ халқының кездесуі өтті. ...Халық шыны керек, кешелі-бері Үкімет басшының келуін кәдімгідей күтті. Оны таң атпастан алаңға жиналып алған халықтың қарасының көптігінен байқауға болады. Әрине, олай болатын жөні бар. Үкімет басшысы 25 жылда бірінші рет бұл жаққа ат басын бұрып тұр екен. Өлгейлік билік тарапынан балабақша, аурухана салу, Қазақстанға көшіп барған оралмандардың зейнетақысын реттеу, әуе жолын қайта қалпына келтіру мәселелері қозғалды.

Ал біз жақ (Қазақстан тарапы - ред.) осы бір-екі күнде апаттан зардап шеккендерге берілетін қаржыны аударатынын және жастарға университетке грант бөлетінін айтты. Енді мемлекет бюджетінен қаншалық қаржы берілетінін білмейміз ғой, бірақ халық осындай көңілі жарым тұста Қазақстанның назар аударып, бірінші боп көмек қолын созып жатқанына, Үкімет басшысының келгеніне кәдімгідей қуанып, бір серпіліп қалған сияқты..." - дейді журналист.

 



Соңғы жаңалықтар