Баян Жалынқызы: Чемпиондыққа қол жеткізу оңай болған жоқ

ЯБУЛИ.KAZINFORM – Шаңғы спортынан Қытай құрамасының спортшысы, ІХ қысқы Азия ойындарының чемпионы, Қытайда туып-өскен қандасымыз Баян Жалынқызы Kazinform тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

Баян Жалынқызы: Чемпиондыққа қол жеткізу оңай болған жоқ
Фото: Кейіпкердің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Спортшы алтын медаль жеңіп алғаннан кейінгі ойымен бөлісіп, чемпиондықтың оңайлықпен келмегенін айтты. 

– Азия ойындарына алғаш рет қатысып отырмын. Алтын медаль жеңіп алған кезімде өте қуанышты сезімде болдым. Шыны керек, бұл жеңіске қол жеткізу оңайға соқпады. Екінші айналмада жоғары шыққанда шаршағанымды сезіндім. Алайда іштей жеңіске жетуім керек екенін ойлап, мәреге алғашқы болып жетуге бар күшімді салдым, - дейді Баян.

Спортшы өзін қолдап жатқан қазақстандық жанкүйерлерге рахмет айтты. 

– Мені қолдап-қолпаштап жатқандарыңызды естіп жтырмын. Барлықтарыңызға рахмет айтамын. Сіздердің қолдауларыңызбен биіктерден көрінуге тырысамын, - деді ол.

Соңында, спортшы өз бапкерлеріне алғыс білдіріп, Олимпиада ойындарына қатысуды мақсат етіп отырғанын айтты.

– Осындай жеңіске қол жеткізуіме бапкерлерім мен командаластарым үлкен үлес қосты деп ойлаймын. Ендігі кезекте Олимпиада ойындарына жолдама алып, сол жерде жарыс жолына шығуды армандаймын, - дейді қандасымыз.

Айта кетейік, қазақ қызы Харбин қысқы Азия ойындарында шаңғы жарысынан әйелдер арасында 5 шақырымға сырғанаудан (еркін стиль) 12 минут 07.5 секунд нәтиже көрсетіп, мәре сызығын бірінші болып кесті.

Баян Жалынқызы 1999 жылы ҚХР Алтай аймағы Жеменей ауданында дүниеге келген. Ол Шаңғы спорты түрлері бойынша Қытай ұлттық құрамасына қабылданып, Бейжің қысқы Олимпиадасында өнер көрсетті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытай құрамасының сапында ұлты қазақ 4 спортшы IX қысқы Азия ойындарына қатысып жатыр. Олар: Ақнар Адаққызы (конькимен жүгіру), Қанағат Мұхамедұлы (конькимен жүгіру), Баян Жалынқызы (Шаңғы) және Самғар Серікұлы (Шаңғы).

Соңғы жаңалықтар