Баянауыл ұлттық паркінде бір топ арқар кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Кезекті аумақты барлау барысында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары мен «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлері бір топ арқарларды кезіктірді.
Сұлулығы мен қаталдығы қатар өрілген табиғи ортада еркін жайылған арқарлар — Баянауыл табиғатының айрыкша байлығы мен көркін айқындайтын әсерлі көрініс.
Мұндай кездесулер — жай ғана әдемі кадр емес. Бұл ұлттық парк аумағындағы жануарлар дүниесінің сақталып, табиғи ортаның өз қалпында жалғасып жатқанын көрсететін маңызды белгі.
Арқар — қазақ даласының айбынды жануарларының бірі. Оларды табиғи мекенінде көру — әрдайым ерекше әсер сыйлайтын сәт.
Баянауылдың кең даласы мен тасты жоталарында еркін жүрген арқарлар — табиғаттың үнсіз, бірақ айрыкша әсем тынысы.
Табиғатты қорғау жолындағы әрбір бақылау жұмысы осындай құнды кездесулермен толыққанда, оның маңызы тіпті тереңдей түседі.
Айта кетелік Баянауыл ормандарында алғаш рет құну көзге түскен еді.