Баянауыл ұлттық паркіне кірудің жаңа тарифі енгізілді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл Жасыбай демалыс аймағында 54 демалыс базасы мен 11 дәмхана жұмыс істейтін болады. Демалушыларға қолайлы болуы үшін орталық жағажайдан катамарандарды алып тастау жоспарланған. 

Баянауыл ұлттық паркіне кірудің жаңа тарифі енгізілді
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Баянауылдағы Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр демалыс аймақтары туристерді қабылдауға дайын. Ұлттық парк қызметкерлері қазіргі уақытта өткізу бекеттерін талапқа сай етіп, аркалар мен аншлагтарды, баннерлерді жаңартып жатыр. Туристер көп шоғырланатын Жасыбай демалыс аймағында биыл бірқатар өзгеріс енгізілген. Демалыс аймақтарына өткізетін 4 бекет жұмыс істейді. Оның екеуі — Жасыбайда, өзгесі Сабындыкөл мен Торайғыр көлдерінде.

Баянауыл ұлттық паркіне кірудің жаңа тарифі енгізілді
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

— Жасыбай демалыс аймағындағы заңсыз дүкендер мен дүңгіршектерді алдырып тастадық. Биыл көл маңайында киіз үй құруға да рұқсат бермей отырмыз. Екі жерде шатыр тігуге арналған арнайы алаңдар болады. Оның біреуі біздің паркке қарайды. Алаңда орындықтар, кәуап пісіретін орындар, дәретханалар орнаттық. Келушілерге қолайлы жағдайлар бар. Биыл мемлекеттік сатып алу бойынша 15 дәретхана алдырттық. Оларды тиісті жерлерге қойып жатырмыз. Адамдарға тазалық сақтауды, өрттің алдын алуды ескерту мақсатында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бағусыз жүрген үй жануарларын да анықтап, иелеріне ескертіп жатырмыз. Бұдан бөлек, биыл Жасыбай көлінің орталық жағажайында катамарандар мен батуттарды қойғызбаймыз деп шешім қабылдадық. Бұған дейін жағажайдың біраз бөлігін катарамандар басып тұратын. Алдағы уақытта олар алынса, демалушылар үшін жағажайда орын көбейеді. Катамаран қызметін заңсыз ұсынып жүргендерге қарсы күрес жарияладық. Қазірдің өзінде үш жеке тұлғаны анықтап, олар құқық қорғау органдары арқылы жауапқа тартылды. Адамдар еркін демалуы үшін көл маңайында барлық жағдайды жасау міндетіміз деп білеміз, - дейді Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркінің директоры Аждар Жүсіпов.

Биыл Баянауылдағы демалыс аймақтарына келетіндер үшін жаңа тариф белгіленген. Егер адам аймаққа жаяу кіретін болса 560 теңге төлейді. Ал егер көлікпен кірсе, онда бір реттік төлем көлік басына алынады. Мәселен, жеңіл автокөліктер 1 575 теңге, шағын автобустар 7 мың теңгедей, орын саны 32-ден көп үлкен автобустар 19 мың теңгедей төлейді.

Баянауыл ұлттық паркіне кірудің жаңа тарифі енгізілді
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Қазір парк қызметкерлері жартасты жерлерді, тау соқпақтарын қоқыстан тазартып, арнайы белгілер қойып жатыр. «Жасыл даму» бағдарламасы бойынша инспекторларға 80 мың қоқыс салатын пакет, 15 контейнер бөлген. Демалушыларды тазалық мәдениетін сақтауға шақыру — парк қызметкерлерінің күнделікті жұмысының бір бөлігіне айналмақшы.

Баянауыл ұлттық паркіне кірудің жаңа тарифі енгізілді
Фото: Баянауыл ұлттық паркі

Өткен жылы ұлттық парк аумағында 161 мыңнан астам турист тынықса, олардың 45 пайызы Қарағанды облысынан келген туристер. Парк басшылығы демалушылар саны биыл еселене түсетінін болжап отыр.

Бұған дейін Баянауылда туристік маусымның қашан ашылатыны туралы жазғанбыз

Сондай-ақ жазғы маусым алдында Ұлттық парк пен жергілікті әкімдік арасында дау туғанын баян еткен едік

Баянауылда биыл тағы қарақұрт шығып жатыр. Мамандар келімді-кетімді адамдарға Торайғыр көлі маңында сақ болуын ескертеді

Соңғы жаңалықтар