Баянауыл жартастарындағы бейнелер: ақиқатын кім айтады
Баянауылдың Қаражар тауларындағы терең шатқалда ғалымдарға беймәлім ескі жартас суреттерінің құпиясы шөгіп жатыр. Жергілікті халық мұны әлдебіреулер қолдан салған десе, кейбір тарихшылар ол неолит дәуірінде түсірілген деп есептейді. Шатқалдағы ежелгі бейнелер коллекциясы шын болса, мемлекет қарауына неге алынбайды?
Баянауыл — сан ғасырлық тарихы бар, аты аңызға айналған алыптар мен ғұламалардың, қасиет тұнған әулиелердің елі әрі аңыздар тоғысқан мекен. Жасыбай көлінің жағасында орналасқан Драверт қуысындағы ескі жартастағы суреттердің мән-маңызын археологтер ашып көрсетіп берсе, енді бір жерлердегі көне бейнелер әлі күнге ғалымдардың зерттеуіне сұранып тұр.
Жуықта Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен Баянауыл аудандық әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған өлкетану экспедициясында қызық жайтқа тап болдық. Аудан орталығын Қарағанды облысымен жалғайтын үлкен тас жолдың бойында Қаражар деп аталатын елді мекен бар. Бұл жерде Павлодар облысындағы жалғыз тау-шаңғы кешені — Мырзашоқы орналасқан. Кешен қыста ғана жұмыс істейді.
Аңызға сүйенсек, атақты Бұқар жырау Қалқаманұлы осы Мырзашоқы тауының биігінен тұрып, Малдыбұлаққа дейінгі жерді бөліп берген екен. Сонда оң жағы — Қаржас, сол жағы — Айдабол руларына тиесілі болсын деп үкім айтыпты. Сол Мырзашоқы тауымен қатарлас жатқан Қаражар тауларында ерекше сыр бүккен, айналасын жартас қоршаған шатқал бар. Шатқалдағы жақпар тастардың беті толған сурет. Мұнда Күнді айналған бишілер, жыртқыш және мифтік аңдар, Күн бейнелі құдайлар мен бақсылардың суреттері, үлкен қоңыздың, қарақұрт пен өзге де жәндіктердің бейнелерін ұшырастыруға болады.
Шатқалға кіре берісте ең әуелі Күнді айнала билеп жүрген адамдар мен аңдардың суреттері ұшырасты. Арасында ежелгі бақсының, үлкен құстың бейнелері бар.
Бұл жерден таяқ тастам жерде, әбден шөп басқан соқпақ бойындағы қойтаста қарақұрттан қашып бара жатқан әйелдің бейнесі өте жақсы сақталған. Бұл кескінді әлдебір суретші кеше ғана салып кеткендей, өте айқын байқалады.
Келесі кезекте адамдар мен түрлі аңдардың, үй жануарларының кескіндерін көруге болатын шым-шытырық суретке тап толдық. Қазақтың көне нанымында табиғаттағы барлық жаратылыс бір-бірімен тамырлас деп аталмайтын ба еді. Бұл бейнеден сондай дүниетанымды аңғаруға болатындай.
Одан кейінгі қанатты адамдар, геометриялық кескіндер, алып қоңыз бен су астындағы жәндік тәріздес, бәйтерек үстіндегі жолбарыс (немесе сілеусін), көз таңбалары және өзге де түсініксіз бейнелердің барлығы әр жерде шашырай орналасқан.
Адам түгілі, мал аяғы баса қоймайтын тылсым жердің құпиясы бізді расымен таңғалдырды.
Көне тас ғасырындағы тарихтың қатпарларына қатысты жәдігерлер осы уақытқа дейін неге зерттелмеген? Зерттелсе, кітап пен баспасөз беттерінде, ғаламторда неге жоқ? Бұл сұрағымызды тарих ғылымының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевқа қойғанымызда ғалым бұл суреттер жайын жақсы білетінін, археологиялық жәдігерлер туралы «Байырғы бейнелеу өнерінің абыздық мазмұны» еңбегінде баяндағанын жеткізді.
«Баян тауларының бәрі де гранит, сиенит, порфирит, тақта тас сияқты тау жыныстарынан түзілген. Осы күнгі бедері мезозой дәуірінде, яғни миллиондаған жылдар бұрын қалыптасқан делінеді. Мезозой эрасы төменнен жоғары қарай триас, юра, бор кезеңдері болып бөлінеді. Ол шамамен жердің 165 миллион жылдық тарихын қамтиды. Баянауыл өңірінде қадым заманда құз-жартас, тағы тас бетіне қашалған петроглифтерді де, сонымен бірге қызыл-қоңыр бояумен салынған суреттерді де кездестіруге болады. Жасыбай көлінің оң жақ жағалауында, биік жарлауыт тастың қуысына қызыл-күрең түсті жосамен салынған суреттерді алғашқы рет ғылыми ортада жариялаған Ресей географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінің өкілі П. Л. Драверт еді», — дейді ғалым.
Негізі Баянауыл таулары «Жақсы аула» және «Жаман аула» болып екіге бөлінеді. Жергілікті өлкетанушы Мұхамедқайыр Шәріповтің айтуынша, жоғарыда айтқан Мырзашоқы Жақсы аулаға еніп тұр. Ал Жамбыл Артықбаевтың жоғарыда аталған еңбегінде шатқалдың орналасқан жері Жаман аула деп көрсетілген:
«Баянауыл ежелгі бейнелеу өнерінің тамаша суреттері Жасыбай көлінің шығыс жағында, Жаман аула тауының шатқалдарында кездеседі. Күн шұғыласының астында тізбектеле билеп жүрген адамдардың бейнесі арасында оқшаулау ерекше тұлғалар аңғарылады. Олардың бастарының орнында жан-жағына сәуле шашқан күн бейнесі бар. Алқызыл шапақтар әлемінің төрт бұрышына сәулесін шашып тұр. Суреттердің ішінен еркек жауынгерлер өздерінің құдіретті қаруымен көзге түседі. Тас бетінде қызыл-күрең бояумен салынған культтік суреттердің арасында бәйтерек басындағы жолбарыс, көз таңбалары, қарақұрт (12 сурет) т. б. бейнелер бар. Биік тау шыңдарына, қия жартастарда бейнеленген күн шұғылалы адамдар мен мифтік сюжеттерді бояумен салу оңай болмауы тиіс», — деп жазады тарихшы ғалым.
«Мен ол ауылда болдым. Суреттердің бәрін де қарадым, бәрі де неолит дәуірінде жосамен салынған. Күнді айнала билеп жүрген адамдарды ерте замандағы абыз-суретші керемет көрсете білген. Міне, сән осы Күнге табыну салтанатына байланысты туған сөз. Қазіргі күні мағынасы қарапайымданған, яғни әдемілену, жақсы киіну т. б. Бертінгі заманнан ол жерде сурет жоқ. Сурет мазмұны соңғы замандарды көрсетпейді. Бұл суреттерді сақтауды ойластыру керек, 10 мың жылдық тарихы бар», — деп әңгімесін жалғай түсті Ж. Артықбаев.
Алайда жергілікті тұрғындар мен өлкетанушылар бұл шатқалдың расымен неолит дәуірі кезеңіне жататыны күмән тудырады деп отыр. Мысалы, Баянауыл ұлттық паркінің инспектор-нұсқаушысы, еліміздің үздік өлкетанушысы Алтынбек Құрманов ол жердегі бейнелерді өткен ғасырдың соңына таман әлдебіреулер қолдан салуы мүмкін деген күдігін жеткізді. Заманында Әлкей Марғұлан Баянауыл тауларының барлығын сүзіп, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сол тұста Қаражар таулары әйгілі археологтің назарынан тыс қалуы мүмкін емес деп есептейді ол. Ал Торайғыров университеті Ә. Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми зерттеу орталығының басшысы, өңірге танымал археолог Виктор Мерц:
«Бұл — заманауи имитациялар. Ең әуелі, кейбір суреттердегі бояу ескі емес, жағылғанына көп жыл өтпегені аңғарылады. Екіншіден, ол жерде түрлі стильдерді ұшырастыруға болады. Мәселен, біздің жерімізге жат африкалық, австралиялық түрлері де кездеседі. Мен ол жерді зерттей келе, әлдебір әуесқой суретші салған деген түйінге келдім. Бәлкім ол адам түрлі суреттерді жинастырып, бар өнерін осы шатқалға төккен. Сол арқылы өзінің туған өлкесін танытқысы келген болуы мүмкін», — деген пікірін айтты.
Жергілікті адамдардың айтуынша, Қаражар ауылында Олжабай Әлібаев есімді өнерлі адам тұрған. Суретшілігінде шек жоқ деседі. Кейбіреулер сол салуы мүмкін деген долбарын жеткізді. Бірақ ауыл тұрғыны Есен Жүсіпбаев әлгі суретші елді мекенге 2000 жылдардың басында көшіп келгенін, ал суретті ел үлкендері өткен ғасырдың 80-90-жылдары студенттер салып кеткен деп айтатынын баяндады.
«Сол тұста студенттер жаз бойы шатқалда шатыр тігіп жатыпты. Ауылдан алыс әрі соқпағы қиын жер. Ол жерге атпен кіру мүмкін емес. Жергілікті халықтың көп келе бермейтінін пайдаланып, әлдебіреулер салып кеткен деп ойлаймын», — дейді ол.
Қаражардағы жартас суреттері осылайша бүгінде ғалымдар аузында дау тудырып тұр. Шатқалды археологтер кеңірек зерттеп, ақиқатын ашады деген үміт зор. Тастағы бейнелер шынымен неолит дәуіріне тиесілі екені дәлелденсе, Баянауыл аумағында тағы бір туристік бағыт ашылып, ал мемлекет аталған жерді қарауына алатыны анық.