Баянауылда екі аптадан кейін туристік маусым ашылады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Қазір Баянауыл ауданында жалпы сыйымдылығы 5 мың адамға арналған 54 демалыс үйі бар.

«Жасыбай» демалыс аймағында туристік маусымның ресми ашылуы 14 маусымға жоспарланған.

Аудан басшысы Ардақ Кісентаевтың айтуынша, қазір ауданда жалпы сыйымдылығы 5 мың адамға арналған асатын 54 демалыс үйі бар. Жол бойында қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. Жазғы кезеңде «Жасыбай», «Сабындыкөл» және «Торайғыр» демалыс аймақтарында қосымша тамақтану орындары мен сауда павильондарын ашу жоспарланып отыр.
– 14 туристік маршрут әзірленіп, іске қосылуға дайын. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық қызмет әзірлігі мығым. Бейнебақылау камералары орнатылып, су айдындарында құтқару бекеттері ұйымдастырылды, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. Туристік инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін шамамен 568 млн теңгеге Сабындыкөл көлінің жағалау аймағын абаттандыру көзделген. Жоба бойынша кіреберістер, шағын архитектуралық формалар орнатылады және бақылау алаңдары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Баянауыл ауылында 1 млрд теңгеге жуық қаражатқа өлкетану музейі орналасатын визит-орталықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бастамалар «Жасыбай» көліне түсетін жүктемені азайтуға бағытталған, - деп хабарлады аудан әкімдігінен.
Торайғыр ауылындағы айналасында қара қандыағаш өсетін бірегей табиғи орын - «Әулие бұлақ» аумағын абаттандыруға ерекше назар аударылып отыр. Онда экологиялық туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалды.

Сондай-ақ келушілер жиі баратын «Кемпіртас» жартасына дейінгі жолды асфальттау көзделген. Жартастың жанында қола дәуірінің археологиялық ескерткіштері - Андронов мәдениетінің қорымдары мен қоныстары орналасқан.
Еске сала кетейік, Баянауылда ұлттық парк пен жергілікті әкімдік арасында дау туды.