Баянауылда қалың қарға омбыққан бұлан бейнетаспаға түсіп қалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысында биыл бұландар жұрт көзіне жиі шалынып жүр. Мамандар жануарлардың таулы жердегі орманға әбден жерсінгенін айтады. 

Баянауылда қалың қарға омбыққан бұлан бейнетаспаға түсіп қалды
Фото: видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде тау баурайындағы қалың қарға кептеліп тұрған бұланның әсерлі видеосы тарады.

Бұландар қазіргі уақытта Баянауыл ұлттық паркіне қарасты орманды жерлерді көбірек мекендейді.

– Тұяқты жануарлар ұлттық парк аумағында көбейіп, бүгінде саны 90-ға жуықтаған. Ащылауыт, қамысты, қоғалы жерлерге жайылғанды, теректің қабығымен, таудағы аршамен қоректенгенді ұнатады. Баянауылдың Күркелі, Жаяу Мұса, Қаражар ауылдары маңындағы биік тауларда, Жалаңтөс асуы мен Мырзашоқыда, Қоңыр әулие үңгірі маңында жиі ұшырасады. Бұл видео Мырзашоқы маңында түсірілгенге ұқсайды. Бұландардың бұлшық еті жақсы дамыған, өте әлеуетті жануар. Ол кез келген қалың қарды жарып өте шығады. Бұл жерде бұта жапырақтарымен қоректеніп, күйіс қайырып немесе тыныстап тұруы мүмкін, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне ұлттық парктің аға инспекторы Алтынбек Құрманов. 

Орманшылардың айтуынша, аталған жабайы жануардың шоқтығының биіктігі 2 метрге жетеді, салмағы 600 келіге жуықтайды. Түсі қыста қара қоңыр, жазда қоңырқай, басы, аяғы ақшылдау келеді. Алдыңғы аяқтарындағы тұяқтары өткір, бұл қорғану кезінде қару ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Аталығының үлкенінде шеңбер тәрізді мүйіздері болады.

Баянауыл ормандарында емін-еркін жайылып жүрген бұландар бейнетаспаға бұған дейін де түскен.

Соңғы жаңалықтар