Баянауылда Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы аталып өтеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – 16-17 тамыз күндері Павлодар облысында геолог-ғалым, академик, Қаз КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шаралар өткізіледі.

16 тамызда Павлодар қаласы, Естай атындағы мәдениет сарайында «Академик Қ.И.Сәтбаевтың мұрасы: Данышпанның феномені және Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі»атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Конференция шеңберінде геология бағыты бойынша конкурстың жеңімпаздары 7 жас ғалымға тағайындалған гранттар табысталады.
Одан соң шақырылған қонақтар Баянауыл ауданына барып, Мұса Шорман ауылы Қ.Сәтбаевтің туған жеріне зиярат етуі, сондай-ақ Лекер ауылының маңында Жүсіпбек Аймауытов ашқан «Мәдени кіндік» ауылының орнына белгітас қою жоспарланған.
Бұл күні Баянауыл ауданы орталығында С.Торайғыров атындағы аудандық мәдениет үйінде Халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылады.
17 тамыз күні Баянауылда ғалым А.Құдабаевтың Әлкей Марғұлан туралы энциклопедиясының және қаламгер С.Байбосынның Жүсіпбек Аймауытовқа арналған кітабының тұсаукесері, А.Құдабаевтың «Сұңғыла» атты естеліктер жинағының және ақын А.Шұғатаевтың «QANYSHAME» кітабының таныстырылымдары өтеді.
Баянауылда бұл күні академик Қ.Сәтбаев мемориалдық музейінің алдында Қ.Сәтбаевтың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылады.
Одан әрі іс-шаралар Мойылды шатқалында орналасқан этноауылда жалғасын табады. Бағдарлама бойынша басты сахнада Халықаралық ақындар айтысының екінші күні, Ортаазиялық Халықаралық қолөнершілерінің жәрмеңкесі, павлодарлық суретшілердің көрмесі, Ұлттық спорт түрлерінен жарыс, Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің және облыс өнерпаздарының концерті ұйымдастырылады. Этноауылда LED экранда «ҚАНЫШ» фильмі көрсетіледі.
Еске сала кетейік, Қаныштың әкесі Имантай Сәтбайұлына «Халық судьясы» төсбелгісі не үшін берілгені туралы жазғанбыз.
Ал Павлодарда Қаныш Сәтбаев сыйлаған жазу машинкасы сақталып тұр.