Қаныштың әкесі Имантай Сәтбайұлына «Халық судьясы» төсбелгісі не үшін берілді

Имантай Сәтбайұлы
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облыстық сотының музейінен Қаныш Сәтбаевтің әкесі Имантай Сәтбайұлының би болғанын дәлелдейтін белгі табылды. «Халық судьясы» төсбелгісі 1891 жылы Ресейде жасалған.

Қаныш Сәтпаев
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қазақтың маңдайына біткен тау тұлға Қаныш Сәтбаевтің әкесі Имантай тегінде қарапайым адам болмаған. Кеңес әдебиеттерінде ол момын, ел арасында беделді адам ретінде ғана сипатталып жазылып келді. Бірақ Имекеңнің тұлғасы, оның ел арасындағы дау-дамайды шешудегі шешендік шеберлігі, әділ қазы болғандығы туралы деректер ел арасында көп айтылған.

Сәтбай әулетінде Имантай дүниеге келгенде барша Ақкелін елі дүрлігіп, ат шаптырып, сол тойда ел аралап жүрген Сегіз сері Шақшақов жыр арнаған екен. Енді бір деректерде баланың есімін серінің өзі қойыпты делінеді. «Керей сегіз серінің батасы» деген жыр-бата:

Әнет бидей еліңнің ағасы бол,

Халқыңның Қазыбектей данасы бол.

Жер, суды жау қалмақтан қорғап қалған,

Бөгенбайдай жұртыңның панасы бол.

Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол,

Тоқсан бидей Үш жүздің шешені бол.

Керейде Белгібайдай білекті бол,

Беріште Исатайдай жүректі бол, - деп жалғасып кете береді.

Жуықта Баянауылдың Мұса Шорман ауылынан ардагер педагог, өлкетанушы Қайриден Мұзафаров хабарласты. Ақсақал Қаныш жайында біраз деректермен бөлісе келе, Имантайдың «халық судьясы», яғни би болғандығы жайында ел біле бермейтінін, сонау бір жылдары ауылдағы музейден патша өкіметі сыйлаған арнайы белгіні облыстық соттың өкілдері алып кеткенін жеткізді. Қарияның нұсқауымен жедел түрде облыстық соттың музейіне барып, нағыз олжаның үстінен түстік.

Имантай Сәтбайұлы
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Музейдің қақ төрінде, алтын түстес, мойынға ілетін жуан алқасы бар «Народный судья» деген төсбелгі көзге оттай басылды. Төсбелгіде түйе мен айдың бейнелері кескінделген, бұл – заманында Семей губениясының таңбасы болған. Екінші бетінде «25 наурыз 1891 жыл» деп жазылыпты.

төсбелгі
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
төсбелгі
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Бұл төсбелгіні 2017 жылы Баянауыл сотының төрағасы болған Дулат Салатов Теңдік (қазіргі Мұса Шорманов) ауылындағы музейде тұрған жерінен көзі шалып, облыстық соттың музей қорына алынуына ықпал еткен. Ол – қазіргі күні Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. Дулат Сақанұлына хабарласып, сөзге тартқанымызда былай деді:

«Қазақтан шыққан тұңғыш геолог ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтің 1920 жылдың 23 маусымы мен 1921 жылдың 13 қарашасы аралығында Баянауылда сот болып істегенін екінің бірі біле бермейді. Бұл қызметке оны уездік ревком Павел Поздняк шақырған. Ревком Сәтбаевпен кездесуде ата-тегі туралы, халық арасындағы билердің, яғни ру ішіндегі судьялардың рөлі туралы айтып беруді өтінген. Қаныш ағаның әкесі Имантайдың ел арасында беделді тұлға, тура айтып, қара қылды қақ жаратын әділ би болғаны туралы сол тұстағы кеңес басшылары жақсы білген. Тарихи деректерге сүйенсек, Имантай Сәтбайұлы Павлодар уезі Ақкелін болысында 1887 жылдан бастап қатарынан 14 жыл халық судьясы, яғни би болған. Патша өкіметі бекіткен қағидаға сәйкес, билер отбасы-неке, жер пайдалану мәселелерін және оларға қатысты қылмыстық жайттарды қараған. Ал арнайы төсбелгі 1891 жылдан бастап Ресейде, шығыс халықтары үшін арнайы жасала бастаған. Кезінде мұндай төсбелгіні билер жуан алқамен мойындарына іліп жүрген. Төсбелгіні 2017 жылы мектеп музейінен көріп, аттай қалап сұратып алдық».

Дулат Салатов
Фото: Д. Салатовтың жеке мұрағатынан

Тасада қалған төсбелгі жайында мәлім еткен Қайриден Нұхұлына қайта хабарласып, Имантай Сәтбайұлы жайында біраз тарихи мәліметтерге қанық болдық. Ақсақалдың сөзінше, кезінде Сәтбай мен Шорман әулеттері қоныстас болыпты. Шормандардың Ақкелінде ашқан мектебіне бала Қаныш 7 шақырым жерден алғашқыда таймен, кейін Кербесті деген атымен келіп жүрген екен.

«Қаныштың үлкен шешесі Нұрым бәйбіше Күнше есімді жалғыз қыз баланы дүниеге әкеліп, ол көп ұзамай шетінеп кеткен. Сәтбай жұрағатының тұяқсыз қалмауын ойлаған Имантай бірде сәби тілеп, Бұқар жыраудың басына қоныпты деген аңыз бар. Сонда түс көріпті. Түсінде екі жағында екі арыстан отыр екен. Бір сәт көкке аққу ұшып көтеріледі. Келесі күні бұл түсін Бұқар жыраудың немересі Құрымбай абызға жорытқанда: «Имеке, Алла қаласа, сен тағы үйленеді екенсің. Одан арыстандай екі ұл, бір қыз көресің. Тұңғышың қыз болады», - депті. Айтқаны дәл келіп, Нұрым бәйбішенің ұсынысымен Имантай екінші рет отау көтеруге шешім қабылдайды. Сол замандарда Мұстафа Шормановтың Қанапия деген ұлы Қаржастың Талас руынан шыққан Исаның 17 жасар қызы Әлиманы айттырып алған ғой. Алайда Қанапия көп ұзамай ауыр науқастан көз жұмып, Әлима жесір қалған. Имантай соған құда түсіп, «Сәкен ағай» - Сәдуақас Шорманов елге беделді азаматтың ұсынысын қабыл алыпты. Содан Әлимадан ең әуелі Ғазиза деген қыз баланы көреді. Ғазизадан туған Кемел Ақышев кейін елге танымал мықты ғалым болғаны мәлім. Қаныштың ағасы Ғабдулғазиз одан кейін, 1894 жылы туған», - деп әңгімеледі Қайриден ақсақал.

Қайриден Мұзафаров
Фото: Қ. Мұзафаровтың жеке мұрағатынан

Би өзінің кенже ұлы Ғабдулғани, яғни Қаныш туғанда Құранның мұқабасының ішкі жағына араб әріптерімен: «Доңыз жылында, яғни 1899 десек, наурыз айында, яғни 31 жұлдызында жаппар жаратушы Имантай деген құлына ұл берді. Нәрестесінің есімін Ғабдул-Ғани деп қойдық» деп жазған екен.

Имантай Сәтбайұлы
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Имантай Сәтбайұлының өзі Баянауылда 1845 жылы, Абаймен бір жылда туған. 1862 жылы Омбыдағы Әбдірахим медресесінде оқыған, араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін меңгерген. Ол жоңғар шапқыншылығы, қазақ батырлары жайында көп білген. Бұқар жыраудың біраз өлеңі хатқа түсірілуіне ықпал еткен. Шәмшиябану Сәтбаеваның «Сәулелі әулет» кітабында жазылғандай, би 1896-1902 жылы Қазақстанның 12 уезін зерттеуге шыққан экспедицияға материал жинауға көмектескен. Құрымбай абыздан Бұқар жыраудың жырларын жазып алып, Мұса Шорманов арқылы Г. Потанинге жеткізілген. Сол нұсқа кейін Санкт-Петербургегі шығыстану институтының архивінде сақталып қалған. Әлкей Марғұлан осы архивтен Имантайға жазылған хатты және Бұқар жыраудың өлеңін тауып, Ш. Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағында жариялайды.

«Имантайдың өте әділ би болғанын көнекөз қариялар бертінге дейін айтып жүрді. Менің әкемнің немере ағасы Қамыш Сқақовтың айтуынша, Павлодар уезіндегі билер сайлауы мезгіл сайын қазіргі Павлодар облысының Ақсу қаласы тұрған жерде өткізілген. Имантай алғашқы сайлауда әділетсіз жеңді деп бай-бағландар шулаған соң, сайлау екінші рет өткізіліп Сәтбайұлы тағы көпшіліктің басым дауысын иеленеді. Ол заманда теріден жасалған үлкен шар пішіндес ыдысқа әркім тас салып, дауыс береді екен. Халық кейін оның әділетті би екеніне көздері жетіп, қатарынан бірнеше мәрте сайлаған», - дейді баянауылдық өлкетанушы.

Академик Арықтай Қайыпов «Заман елшісі» естелігінде Имантай ақсақалды көргені жөнінде былай жазады:

«1926 жылдың жазында Тұзащыда отырғанда Имекең (Қаныштың әкесі) бастаған жиырмадан астам салт атты қонақ біздің ауылға келіп түстенгені әлі көз алдымда. Ескіден келе жатқан қазақтың дәстүрі бойынша, қонақтар Әбдінің «Қара шаңырағы» деп біздің үйге түсті. Әбді – біздің бесінші атамыз. Бұлардың ішінде Қаныш, оның ағасы Ғазиз болды. Имекең – ұзын бойлы, ат жақты, қыр мұрын, селдір шоқша сақалы бар, өткір қой көзді, қара торы, келбетті кісі, ал Қаныш болса ол да ұзын бойлы, талдырмаш, кең маңдайлы, бұйралау шашты, «орысша» киінген аққұба жігіт екені көз алдымызда. «Сібірдің бір үлкен қаласында көп жыл оқып, ірі маман инженер болып келген Имантайдың Қанышын көрелік» деп, көрші отырған ауылдардан келгендер де аз болмады».

Ал ғалым Евней Букетов «Сөнбес жұлдыз» мақаласында Қаныш әкесінің 56 жасында дүниеге келгенін, әкесі маңдайы кере қарыс Қанышқа көп көңіл бөлгенін жазады.

«Академик Сәтбаев Имантайды ақылды қарт деп бекерге атамаған. Имантай ақсақал шынында да олқы адам болмаған. Академик Әлкей Марғұлан Сәтбай ауылында студент, аспирант шағында талай болған көрінеді. Сол кісінің айтуы бойынша, қартайса да бұрынғы сымбаттылығынан айрылмаған Имантай қарт өте көп біледі екен. «Ақсақал өз елінің тарихын, қазақтың ауыз әдебиетін, ақындардың көптеген шығармаларын, түркі нәсілдес тілдегі шығыс әдебиетін көп білетіндігі сондай, тіпті сағаттар бойы ешбір жалықпай тыңдауға болатын еді» деп айтады Әлкей Марғұлан. Имантай ақсақал өз төңірегінде аса сауатты адамдардың бірі болып есептелген. Жобасы, Имекең мұндай сауаттылыққа өз бетімен жетсе керек. Өйткені біздегі дерек бойынша ол кісінің оқығаны аз болған. Бірақ, академик Әлкей Марғұланның айтуы бойынша, бұл кісі Омбыдағы Азия мектебінде оқыса керек. Орыс тілінде де азды-көпті сауаты бар ақсақал өткен ғасырдың аяқ кезінде елдегі бүкілресейлік халық санағы ісіне белсене кірісіпті. Оның үстіне Имекең орыстың географиялық қоғамының корреспондент-мүшесі болып, халықтың ауыз әдебиеті шығармаларын жазып алып жіберіп тұрған. Имекеңнің осы тарапындағы қызметін Шоқан Уәлихановтың атақты досы Н.Г. Потанин көп пайдаланған. Жобасы, бұл кісі кенже баласының зейінділігін ерте сезсе керек те, оқудан үзбеуден тырысса керек» делінген естелік мақалада.

Қаныш Имантайұлын ерекше зерттеген қаламгердің бірі Медеу Сәрсеке «Сәтбаев» кітабында:

«Шақтап ұстаса, ел арасындағы дау-дамайға билік айтқан сайын өз жөнін, құлқын қамын ұмытпаса – бөлек ауыл шыққаннан бергі он шақты жылда қолындағы дәулет қаншаға жетер еді? Алайда Имантай би парамен мал жиып, шіріген бай болуды ту бастан тәрк етті: алдына жүгіне келген даугерлерге әділ төрелік айтып, тура қазы болуды мақсұт көрді... Сондықтан да шығар, Имантайдың қаржастың мың айдаған байы болмай, қолы ашық, сері көңілді, аузы дуалы, билігі баянды әділ азаматы атануы... Имантай бидің қадірі уысында отырған екі ауылмен ғана шектелмейді, оның бір ауыз сәлемін ат шаптырым төңіректегі Қаржас, Бабас отырғанда, тіпті Жалпақ Сүйіндік те, қала берді бүкіл Ақкелін болысында екі айтқызбай орындау – рәсімге айналған үлгі» деп келтіреді.

Имантай атаны, оның ұрпақтарын Абай Құнанбайұлының тұяғы Тұрағұл жақсы білген, құрмет тұтқан. Бұл деректерді 1989 жылы жарық көрген «Қаныш аға» кітабынан таптық. Құнды мәліметтер топтасқан жинақта Әлкей Марғұланның мына бір жазбасы жарияланған:

«1925 жылы жаз күні Мұхтармен (Әуезов) бірге Абай ауылында болғанда уақытымыз сол жердегі шешен кәриялардың сөзін тыңдаумен өтті... Мұхтар да қойдан қоңыр, кішіпейіл кісінің бірі еді, өзінің асқарлы талантын, білгіш-жүйріктігін жұртқа көрсеткісі келмейтін. Ойға батқан тұңғиық қара көзін қасында отырған Тұрашқа тастап:

- Сіз қырдағы жаңа дәуірлеп келе жатқан жастар арасында кімді озық талант деп түсінесіз? - деді.

Тұраш қасқая қарап:

- Бұл қыр аймағында озық талант Имантайдың екі баласы. Бүгінде олардан озық жас бар деп өзім түсінбеймін. Ол екеуінің қабілеті бүтіндей басқа. Жаратылыс білімді де, ақыл мен ойды да оларға ерекше берген. Олардай саңлақ кісі бүгінгі жастар арасында өте сирек кездеседі, - деді».

Бұл дерек Абай ауылында Имантайдың, оның екі баласы – Ғазиз бен Қаныштың аттары танымал, қадірменді болғанын аңғартады.

Бұдан бұрын Шоқан Уәлиханов пен Имекең бірін-бірі жақсы білген дедік қой. Қайриден Нұхұлының дерегі бойынша, Шоқан Алтынемелде дүниеден өткенде Мұса Шорманов 20 жасар Имантайды жұмсайды.

«Шормановтың өтініші бойынша Имекең Баянауылдан арнайы шығып, Алтынемелге жерленген Шоқанның басына апарып тас орнатады. Сол тас болмаса, қазақтың тарихи тұлғасының жерленген жерін білмей қалар ма едік... Шорман әулеті Сәтбаевтарды ерекше қадірлеген, олардың біліміне тәнті болған. Ел ішіндегі маңызды істердің көбін Имантайға сеніп тапсыруы содан болса керек», - дейді ақсақал.

Имантай Сәтбайұлының өмірден өтуі кеңес өкіметінің ызғарлы саясатының күшейе түсуіне пара-пар келді. Бидің бұған дейін ауқаттылар тізімінде болғанын ескерген НКВД адамдары оны жиі-жиі тергей бастаған. 1928 жылы қария қазіргі Қарағанды облысының Ақжар деп аталатын жердегі медресеге барады. Онда Жыржыс есімді атағы елге жайылған қожа болыпты. Кезінде Қаныш сауат ашқан Жұмаш молданың өзі осы медреседе білім алған. НКВД жендеттері осы медресеге 83 жастағы Имекеңді іздеп келіп, өзімен бірге жүруді бұйырады. Сонда қария намаз оқып алуға мұрсат сұрайды. Жаратқаннан абақтыда өлтіре көрме деп жалбарынған қарт бидің тілегі қабыл болды ма екен, жайнамаз үстінде өмірден өтіп кетіпті.

«Сәтбаевтар әулетінің тағдыры трагедияға толы. Қаныштың ағасы Ғабдулғазиз (Ғазиз), кейде Бөкеш, Бөкежан деп аталған. Жексұрын саясаттың салдарынан ол Омбыда жүрген жерінен тұтқындалып, жаламен атылды. Қазақтың көзі ашық, оқыған азаматының бірі болған. Ал Сәтбай атаның төрт ұлының бірінен туған Әбікей Зейінұлы Фрунзеде өлтірілді. Тағы бір немере ағасы Әбдікәрім Жәмінұлы жалған жаламен Қарағандыда ұсталып, ол да құрбан болды. Имантай бидің қыстауы Айрық деп аталатын жерде. Әкесі қайтыс болған соң Қаныш ауылға түнделетіп келіп, біраз затты өзімен әкеткен. Имантайдың әлгі қыстауы кейін бұзылды. Сонда ауыл адамдарының бірі мына алқаны тауып алыпты. Бидің өте ақылды, парасатты адам болғанын естіген әлгі азамат төсбелгіні ырымдап, үйдегі сәбиінің бесігіне іліп қойған. Теңдік мектебінде Қаныш Сәтбаевтің музейі ашылғанда сонда берілген ғой. Бұл төсбелгінің тарихы осындай», - деп тәмамдады әңгімесін Қайриден Нұхұлы.

Соңғы жаңалықтар