Баянауылда қысқы туризм ашылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр демалыс аймақтары жаңа жылдық демалыс күндері туристерді күтіп отыр.
Былтыр қыста Баянауылдың қарлы тауларын, қарағайлы орманы мен табиғи ескерткіштерін тамашалауға 15 мыңдай адам келген. Ал өткен жазда 170 мыңнан астам демалушыны қабылдаған Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр демалыс аймақтарында қысқы туризмге мән беріліп отыр. Жалпы өңірде Баянауыл ауданынының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр.
– Бұл өңірге жыл он екі ай туристер легі толастамайды. Қазір мұнда 8 демалыс орны тұрақты жұмыс істеп тұр. Ал жаңа жылдық демалыс күндері саяхатшылар саны еселеп артады деген болжам бар. Өйткені инфрақұрылым жылдан жылға жақсарып келеді, - деп хабарлады Баянауыл аудандық әкімдігінен.

Баянауылда атақты Қоңыр Әулие үңгірі, Кемпіртас, Торайғыр өңіріндегі Сәкен шыңы сияқты бірегей табиғи ескерткіштер орналасқан. Бұл жерлерге саяхатшылар үшін арнайы туристік бағыттар ұйымдастырылады. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл сапар орталығының құрылысы басталды. Мұнда Баянауылға қатысты барлық қажетті ақпарат бір жерден ұсынылады.

Тағы бір танымал туристік бағыт – Мырзашоқы тау-шаңғы кешені. Бұл ұзындығы 960 метрлік арқан жолы бар демалыс нысаны. Әсіресе экстремалды спорт түрін ұнататындар үшін қызықты.
Еске сала кетейік, әлемде Қоңыр әулиенің сегіз мекені бар, соның бірі Баянауылда орналасқан.