Баянауылда көктемгі мол суды тиімді пайдалануға арналған лимандық жерлер іске қосылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бұл жоба Айдос, Бала Шідерті және Ащысу өзендерінен тасыған су ресурстарын ұстап қалуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде лимандық шабындықтан фермерлер мал шаруашылығына қажетті жемшөп қорын шауып алады.

лимандық жер
Фото: видеодан алынған скрин

Баянауыл өңірінде қалпына келтірілген 6 мың гектардан астам лиман алғаш рет суға тола бастады. Басты мақсат – лимандардың толыққанды жұмысын қалпына келтіріп, жайылымдардағы су тапшылығының алдын алу және жайылмалы алқаптардың өнімділігін арттыру.

- Бұрын өңірде өнімділігі кәдімгі шабындықтардан 6–7 есе жоғары 9 жайылмалы алқап болған. Соңғы уақытқа дейін олардың тек үшеуі ғана жұмыс істеп тұрды. Баянауыл лимандарын қайта жаңғырту – стратегиялық маңызы бар шешім. Бұл жоба жайылымдарға су жеткізіп, мал шаруашылығына қажетті жемшөп қорын нығайтады әрі Айдос, Бала Шідерті және Ащысу өзендерінің су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 6 мың гектардан астам жер ауданның мал шаруашылығын дамытуға қызмет етпекші, - деп хабарлады Павлодар облыстық әкімдігінен.

Қазірдің өзінде 52 шақырымға жуық бөгеттер қалпына келтіріліп, 30-дан астам гидротораптар мен автоматты су ағызу құрылғылары орнатылған. Лиманды қайта жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасады.

Өткен жылы Павлодар облысында 33 мың гектардан астам лиман суландырылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар