Баянауылда Жаяу Мұсаның 190 жылдығына арналған мерекелік думан өтті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Баянауылда төрт асылдың тойы өтті. Мойылдыбұлақ жанындағы жазық далада 80-ге жуық киіз үй тігілді.

Биыл қазақ ән өнерінің алыбы, әнші, сазгер Жаяу Мұса Байжанұлының туғанына – 190 жыл, жазушы-сатирик Қадыр Тайшықовқа – 125, жазушы, соғыс ардагері Қалмұқан Исабайға және кинорежиссер, қазақ кино аудару өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қуат Әбусейітовке 100 жыл толып отыр. Төрт асылдың мерейтойына алыс-жақыннан құрметті меймандар мен зиялы қауым, жергілікті жұрт сауын айтып келді.

Өңір басшысы Асайын Байханов ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау нағыз отаншылдықтың көрінісі екенін еске сала келіп, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің құттықтау хатын оқыды.
– Ата-бабаларымыз бізге ұлттық бірегейлігіміздің негізі болған ең үлкен мәдени байлықты мұраға қалдырды. Оны болашақ ұрпаққа аманат ету – міндетіміз. Мен бұл күндері батырлар бейнесінен – өр рухты, тың қолжазбалардан – тарих тынысын, табиғат сұлулығынан – туған жердің тылсым сырын, қазақ күресі мен бәйгеден, көкпардан – ата дәстүрдің асқақтығын, айтыстан – ел рухының асқан өткірлігін көрдім, - деген Асайын Байханов жерлестерін айтулы мерекемен құттықтады.
Мерекелік бағдарлама ұлттық мәдениеттің барлық құндылығын біріктірді. Облыстың музейлері мен кітапханалары ұйымдастырған көшпелі көрмелер жұрт назарын аударды. Әсіресе, Қалмұқан Исабайдың сонау Германия жерінде соғыстан кейін комендант болып жүргенде жергілікті халықтың ықыласымен сыйға тартылған бірегей жазу машинасы, қазіргі Сәтбаев атындағы канал құрылысын бастан-аяқ жаяу аралау кезінде ұстаған қол таяғын көпшілік ықыласпен көрді. Бұл жәдігерлер бүгінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталып тұр. Жаяу Мұсадан қалған шапан, Қуат Әбусейітов пен Қадыр Тайшықовтан қалған шығармашылық мұра үлгілері де келушілерге өткен ғасырдан сыр шертті.

Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығына «Үш жүзге атым мәлім Жаяу Мұса» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтіп, оған Астана, Алматы қалаларынан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан өнер иелері қатысты.
Ал «Қазақ айтысының үш дәуірі» тақырыбында өткен айтысқа белгілі ақындар Серік Құсанбаев, Жұмкен Сейітов, Алтынгүл Қасымбекова, Балғынбек Имашев, Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина және Аспанбек Шұғатай қатысты. Мерейтойлық іс-шараларға «МузАрт тобы» мен әнші Меруерт Түсіпбаева арнайы келіп, ән шырқады.


Ат бәйгесі мен көкпар, бура санды алыптар өнер көрсеткен боз кілемдегі күрес те өз жанкүйерлерін аз жинаған жоқ. Бұл күні аудан орталығында мерейтой иелеріне арналған бірнеше рухани іс-шараға куә болдық.


«Рухы биік тұлғалар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда Жаяу Мұсаның жиеншары Гүлбаршын Дүрманова, Қуат Әбусейітовтің қызы Меруерт Әбусейітова, Қалмұқан Исабайдың үлкен қызы Баян Исабаева, жазушы, өлкетанушы Сайлау Байбосын тұлғалар жайындв тың деректерді әңгімелеп, естеліктер айтты. Ал айтулы ақын, ардагер журналист Қорғанбек Аманжол Баян жеріне арнаған әсем жыр шашуларын тарту етті.

Белгілі опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шаһимардан Әбілов Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әніне әлемдік деңгейде мойындалған музыка деп баға берді.
– Әннің көлемі, құрылымы, диапазоны мен сөзі – әлемдік құбылыс. «Қытайдың атақты ойшылы Конфуций: «Белгілі бір елдің көңіл күйін білгің келсе әнін тыңда», - деген екен. Қазақтың ән өнерінде әлемдік деңгеймен таласа алатын туындылардың авторы – Жаяу Мұса.
Мәселен, оның «Ақ сиса» әні тұнып тұрған стретто. Классикалық деңгейден қарағанда бұл әннің әлемдегі орны биік. Қазақтың музыкасын, қазақтың тілін, мәдениеті мен жанын айқын байқататын әндеріміздің бірі. Жаяу Мұса «Сұрша қыз» және «Ақ сиса» әндерімен-ақ өз заманында биік деңгейге көтерілген, өнері әлемдік музыка мәдениетіне теңдескен тұлға екенін байқаймыз.
Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай Францияда өткен концертке қатыстым. Сонда Абайдың «Көзімнің қарасы» және осы «Ақ сисасын» орындағанымда Еуропа жұрты тәнті болған. Бұл қазақ өнерінің құдыреті еді. Біз осындай ұлыларымыздың асқақ өнерін ұлықтау арқылы қазақ руханиятын әлемге дәріптейміз, - деді Шаһимардан Әбілов.


Баянауылда сондай-ақ бұл күндері Қадыр Тайшықовтың 125 жылдығына орай сатиралық шығармалар арасында және Қ.Исабайдың 100 жылдығына орай прозалық шығармалар арасында өткізілген облыстық байқаулардың қорытындылары жарияланды.