Баянауылдағы жасыл ормандар жұпсыз жібек көбелегінен зиян шегіп жатыр

Баянауылдағы жасыл ормандар жұпсыз жібек көбелегінен зиян шегіп жатыр
Фото: Видеодан кадр/instagram.com/bayangnpp

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазір орманшылар түкті жәндіктерге қарсы өңдеу шараларына кіріскен. Жұпсыз көбелектің құрттары қайың және көктерекке түссе, жапырағын түк қалдырмай жеп қояды.

Бұл туралы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен хабарлады.

«Баянауыл МҰТП аумағында жұпсыз жібек көбелегінің ошақтары бар. Жұпсыз жібек көбелегі – құрттары қайың мен көктерек жапырақтарын жейтін орман зиянкестері. БМҰТП қызметкерлері Семей СП мамандарымен бірлесіп орман патологиялық мониторингін жүргізеді. Ауру құрғақ ауа райының салдарынан пайда болады. Қазіргі уақытта биологиялық күрес шаралары қолға алынды. Атап айтқанда, құс ұялары орнатылып, құмырсқалардың илеуі тасымалданып жатыр. Ал Баянауыл бөлімшесінің 23, 33-орамдарында ұлттық парк қызметкерлері көбелек қуыршақтарын керосинмен улап, жойып жатыр», - деп мәлімдеді ұлттық парктен.

Заңға сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы зиянкестерге қарсы химиялық әдіс қолдануға тыйым салынған. Сондықтан орманшылар тек биологиялық өңдеу ғана жүргізе алады. Жұпсыз жібек көбелегінің әлегі соңғы екі жылда Павлодар облысының барлық орманшылығында байқалып отыр.

Соңғы жаңалықтар